Облыс орталығы Талдықорғанда аулаларды заман талабына сай абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Биылғы жылдың өзінде 59 аула абаттандырылса, алдағы уақытта 39 үйдің шатыр жабындылары мен 20 үйдің қасбеті жаңартылып, жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, биыл да қала аумағында проблемасы жылдар бойы шешілмей келе жатқан аулаларға аса мән беріліп, заман талабына сай ретке келтіру жұмыстары жоспарлы түрде жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, «Жұлдыз» шағын ауданында 18 аула, «Жетісу» шағын ауданында 11 аула және «Ұлан» шағын ауданында 9 аула абаттандырылады.
Еске салсақ, «Ұлан» шағын ауданындағы аулалардың жағдайы тұрғындарды көптен бері алаңдатып келген еді. Өткен жылы 5 аула абаттандырылса, биылғы жылы 9 аула толық жөнделіп, халық игілігіне берілді.
– «Бұрын баламызды сыртқа шығаруға қорқатын едік, енді алаңсыз ойнайтын орын бар. Аула ашық, жарық, қауіпсіз, барлық талаптарға сай. Қаламыздың осылай өркен жайып, дамып жатқаны қуантады», – дейді қала тұрғыны Күлімхан Мамажанова.
Айта кетейік, биыл «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында қала бойынша тағы 20 аула абаттандырылатын болады.