Облыс әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады

Облыс әкімі азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады

Бүгін облыс әкімі азаматтар үшін кезекті рет жеке қабылдау өткізді. Қабылдауға үш адам жазылып, олар жеке сұрақтарымен қатар, көпшілікке ортақ мәселелерді көтерді.

Мәселен, қазіргі уақытта Алматы қаласында тұратын зейнеткер Жақсылық Жексембаев өзі туып-өскен Лепсі ауылында 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысушыларға арналған ескерткіш орнату туралы ұсыныс білдірді. Өз сөзінде облыс әкімі Бейбіт Исабаев өңір аумағында мұндай мазмұндағы бірнеше ескерткіштер бар екенін атап өтті. Олардың бірі өткен жылы облыс орталығында бой көтерген болатын.

Сонымен қатар, Жақсылық Жексембаев ауылдық жерлердегі халықты жұмыспен қамту мәселесін көтерді. Осы мәселеге байланысты Сарқан ауданы әкімімен онлайн байланыс орнатылып, аудан басшысына ауылдық жерлерге қажетті әлеуметтік нысандарды салу туралы ұсыныс енгізу тапсырылды, бұл өз кезегінде жаңа жұмыс орындарын құруға оң ықпал етеді. Мәселе жауапты тұлғалардың бақылауына алынды.

Қабылдауға келгендердің бірі Кербұлақ ауданының тұрғыны Гүлмира Жаңатаева Талдықорғанға I топтағы мүгедектігі бар баласының денсаулығына қатысты мәселемен келген. Ұлына қажетті медициналық тексерулер жасап, дәрігерлер консилиумын ұйымдастырса деген өтінішін айтты. Облыс әкімінің орынбасары М.Көлбаев бұған дейін бірнеше консилиум өткізілгенін және пациент дәрігерлердің бақылауында екенін жеткізді. Дегенмен әкім бұл мәселені ерекше бақылауға алуды, барлық қажетті тексерулерді қайта жүргізуді және облыстағы ең білікті мамандардың қатысуымен тағы да консилиум ұйымдастыруды міндеттеді.

Сонымен қатар, Г. Жаңатаева Талдықорған қаласындағы «Болашақ» шағын ауданында балалар алаңын салу мәселесін көтерді. Бейбіт Исабаев шағын ауданды абаттандыру мәселесі кешенді түрде қарастырылатынын айтты. Яғни, тек алаң салумен шектелмей, асфальт төсеу, жарықтандыру және шағын аудандағы инфрақұрылымның дамуына қатысты басқа да маңызды мәселелер қоса қамтылмақ. Облыс әкімі Талдықорған қаласындағы абаттандыру жұмыстары биыл аяқталатын «Ұлан» шағын ауданын мысалға келтірді. Қазіргі уақытта «Жұлдыз» және «Жетісу» шағын аудандарында жұмыстар жүргізілуде, одан кейін «Болашақ» шағын ауданындағы аулалар да ретке келтіріледі. Бұл туралы қала әкімі Ернат Бәзілге жұмысты ширату тапсырылды.

Келесі болып облыс әкімінің қабылдауына туған қызымен бірге Рыс Белгібаева кірді. Олар тұрғын үйге қатысты мәселемен жүгінді. Облыс әкімі мәселені мұқият тыңдап, барлығын қолданыстағы заңнама шеңберінде шешуге тиісті лауазымды тұлғаларға тапсырма берді.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотосуреттерді түсірген: Жеңіс Ысқабай