Бүгін қала әкімдігінің мәжіліс залында қала әкімі Ернат Бәзіл Қытай Халық Республикасы Шэньси өлкесінің Юйлинь қаласы мэрінің орынбасары Ян Ян бастаған делегацияны қабылдады.
Кездесу барысында екі ел арасындағы ынтымақтастық пен өзара әріптестік қарым-қатынас мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, тараптар сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту, «жасыл» энергетика, туризм, мәдени-гуманитарлық бағыттарда әріптестікті дамыту және инвестиция тарту мүмкіндіктеріне тоқталды.
Сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуге арналған бірлескен жобаларды іске асыру, білім мен ғылым, мәдениет салаларында тәжірибе алмасу мәселелері қарастырылды.
Өз кезегінде қала басшысы Ернат Бәзіл делегация ұсынған бастамалар мен жобаларға қолдау білдіретіндігін айтып, екі ел арасындағы мәдени және экономикалық байланыстар одан әрі нығая түсетініне сенім білдірді.
Айта кетейік, Шэньси өлкесінде ұлы қолбасшы, қазақ батыры Мұқалиға арналған күмбезді кесене бой көтермек. Ол - Шыңғыс ханның төрт әйгілі қолбасшысының бірі ретінде тарихта қалған тұлға.