Бүгін Талдықорғанда мемлекеттік қызметкерлер арасында өткен жазғы Спартакиада ойындарында қала әкімдігінің қызметкерлері шағын футбол, ерлер және әйелдер арасындағы баскетбол бойынша облыс чемпионы атанды.
Еске салсақ, бұл жазғы Спартакиада Жетісу облысы құрылғаннан бергі үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Жарысқа облыстың әр өңірінен 20 команда қатысуда. Қатысушылар үш күн бойы спорттың 10 түрінен өзара бақ сынаған болатын.
Алғашқы сайыс күні Камшат Алдаберген тоғызқұмалақтан әйелдер арасында облыстың үш дүркін чемпионы атанды. Сонымен қатар, қазақ күресінен 100 келі салмақта Нұрбол Ибикенов, 90 келіде Самат Болатұлы ІІ орын иеленсе, 80 келіден жоғары салмақта Рақым Тұрланов ІІІ орынды еншілесе, 100+ салмағында ІІІ-орынды Нұржан Саятұлы қанжығасына байлады. Нәтижесінде қазақ күресінен командалық есепте қола жүлде алынды.
Сондай-ақ, үстел теннисінен аралас командалар арасында күміс жүлде жеңіп алынды. Ал ерлер арасында жүзуден Айбек Көжебек ІІІ орын, әйелдер арасында Ақерке Жұмашқызы ІІ орынды місе тұтты.
Жаннұр Әбішев қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы:
– Биылғы мемлекеттік қызметшілер арасында өткен жазғы Спартакиада ойындарына жақсы дайындықпен бардық. Мұндай спорттық жарыстың басты мақсаты – салауатты өмір салтын насихаттау және оны кеңінен дәріптеу. Алған нәтижелеріміз де көңіл қуантады. Жыл сайын бұл спорттық бәсекені асыға күтетін мемлекеттік қызметшілер үшін бұл сайыстың орны ерекше. Ендігі меже – Өскемен қаласында өтетін республикалық жазғы Спартакиадада Жетісу өңірінің абыройын асқақтату, – деді.
Айта кетейік, Талдықорған қаласы әкімдігінің командасы жалпыкомандалық есеп бойынша ІІ орынды иеленіп, облыстық деңгейдегі Спартакиаданың үздігі атанды.