Бүгін, 16 мамырда, Талдықорған қаласындағы Көрме орталығында Қазақстанда алғаш рет «Kazakhstan: Ethno-Inclusive Dialogue» атты Халықаралық инклюзивті этно-көрме өтті. Бұл айтулы шара Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай ұйымдастырылып, оның бастамашылары Жетісу облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мен "Мейірім" мүгедектер қоғамдық бірлестігі болды.
Көрменің басты мақсаты — инклюзивті, шығармашылық және мәдени алмасу алаңын құру, әртүрлі этностардың мәдени мұрасын насихаттау және ерекше қажеттіліктері бар қолөнер шеберлерін қолдау болды.
Шара барысында Қазақстанның түрлі өңірлерінен, сондай-ақ Өзбекстан, Түркия және басқа да елдерден келген шеберлердің қолдан жасаған бірегей бұйымдары ұсынылды. Олардың қатарында ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың жұмыстары да ерекше орын алды. Көрмеде келушілер әсем бұйымдарды тамашалап қана қоймай, оларды сатып алып, шеберлерге қолдау көрсете алды.
Көрме аясында келушілер үшін шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, ұлттық зергерлік бұйымдар, тоқыма, керамика және ағаш өңдеу өнері бойынша практикалық дағдылар ұсынылды. Танымал шеберлер келушілермен өз тәжірибесімен бөлісіп, қолөнерге қызығушылық танытқан жастарға шабыт берді.
Кештің сәнін келтірген ерекше сәт — этнодефиле болды. Жетісу облысындағы түрлі этномәдени бірлестіктердің ұлттық киімдері сахнада паш етіліп, көрермендерге әр ұлттың сән үлгісін, салт-дәстүрін жақынырақ танып-білуге мүмкіндік берді.
Сонымен қатар, көрме концерттік бағдарламамен толықты. Онда этнофольклорлық ансамбльдер мен шығармашылық ұжымдар ән мен биден шашу шашып, көпшілікке мерекелік көңіл күй сыйлады.
“Kazakhstan: Ethno-Inclusive Dialogue” халықаралық этно-көрмесі — инклюзивті қоғам қалыптастыруға, мәдениеттер арасындағы өзара түсіністік пен сыйластықты нығайтуға бағытталған маңызды қадам. Бұл шара өнер мен дәстүрлердің барлық адамзатқа ортақ екенін және олардың адамдарды біріктіретін күшке ие екенін дәлелдеді.