
Мүгедектігі бар балаларға арналған «Жансая» жазғы сауықтыру лагері 2023 жылдан бастап Алакөл ауданының Ақши ауылында өз жұмысын жүргізіп келеді. Лагерьдің негізгі мақсаты – 6-18 жас аралығындағы мүгедектігі бар балалардың жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру, олардың әлеуметтік бейімделуіне, шығармашылық қабілеттерін дамытуға және сауықтыру іс-шараларына қатысуына жағдай жасау.
2026 жылдың 23 маусымынан лагерь алғашқы балаларды қабылдап, қызмет көрсетуді бастады. Жазғы маусым барысында балалардың денсаулық жағдайын, жас ерекшеліктерін және жеке қажеттіліктерін ескере отырып арнайы бағдарламалар ұйымдастырылады.
Лагерьде су терапиясы, арт-терапия, дене шынықтыру, музыка және ойын терапиясы бағыттары бойынша сауықтыру және дамыту қызметтері көрсетіледі. Барлық іс-шаралар балалардың әлеуметтенуіне, белсенді демалуына және жаңа дағдыларды меңгеруіне бағытталған.
Жоба бойынша лагерь бір мезгілде 32 адамды қабылдауға арналған. Биылғы жылдың сауықтыру кезеңінде барлығы 288 адамды, оның ішінде 144 баланы және оларды алып жүретін 144 ата-ананы немесе заңды өкілдерін қабылдау жоспарланған.
2023-2025 жылдардың жазғы маусымдарында сауықтыру лагерінде барлығы 387 мүгедектігі бар балалар мен ата-аналарымен тегін түрде демалды.