Жетісу облысында жасы ғасырдан асып кеткен 22 адам тұрады. Аймақтағы ең ересек кейуананың жасы биыл 108-ге толды, ол Кербұлақ ауданының орталығы Сарыөзек кентінде тұрады, - деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы таратқан мәліметтерге қарағанда, ғасыр жасағандардың басым бөлігі Панфилов ауданында тіркелген. Яғни, жасы 100-ге жеткен және одан да асқан 11 адам жазиралы Жаркент өңірінде өмір сүруде. Одан кейінгі орынды 5 адам тіркелген Талдықорған қаласы еншілейді. Ғасыр көрген қарттардың арасында биыл жасы 101-ге келген Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері, майдангер Ысқақ Құсайынов бар. Кербұлақ ауданында 3, Ескелді ауданында 2, Қаратал ауданында 1 қария тіркелген. Олардың ішіндегі ең үлкені есептелетін қариялар Кербұлақ және Панфилов аудандарына тиесілі. Олар 108 және 107 жаста.
Халықаралық қарттар күніне орай Жетісу облысында 1-10 қазан аралығында егде жастағы қарттарды қолдауға және құрмет көрсетуге арналған бірқатар шаралар өткізу жоспарланған. Атап айтқанда, аймақтағы емханалар мен музейлерге «Ашық есік күні» акциясы, түрлі қайырымдылық, мәдениет шаралары, қарттар үйлерінде кездесулер, әдеби-танымдық кештер өткізу көзделген. Облыс мектептерінде «Атаның сөзі, ақылдың көзі» атты сынып сағаттары өтіп, аймақтың ерікті жастары жалғыз басты 2500 қарттың үйінің аулаларын тазалауға қатысады. Сондай-ақ, спорт ардагерлерінің қатысуымен 40-қа жуық спорттық додалар жоспарланып отыр.
- Жетісу облысында барлығы 95 мың зейнеткер тіркелген. Аймақта Екінші дүниежүзілік соғыстың жалғыз ардагері және 1800 тыл ардагері бар. Талдықорған қаласында, Алакөл, Сарқан, Көксу және Панфилов аудандарында зейнет жасындағы адамдардың әлеуметтік, мәдени, шығармашылық, спорттық және іскерлік белсенділігін арттыруға, олардың денсаулығы мен жеке өмірін нығайтуға септігін тигізетін Ұзақ өмір сүру орталықтары жұмыс істейді. Талдықорғанда 70 жастан асқан зейнеткерлерге қоғамдық көлікте тегін жүруіне жеңілдік қарастырылған. Мүгедектігі бар адамдардың санаторлы-шипажайлық ем алуы үшін жекелеген бағдарламалар ұсынылады. Қысқасы, егде жастағы адамдарға, алдыңғы толқын ағаларға қолдау көрсету – біздің қоғамның маңызды әрі ортақ мақсаты, - дейді облыстық еңбекпен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ермек Мизамбаев.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі
Фототілшілер: Жеңіс Ысқабай, Дмитрий Ерофеев