«Жанұя» – отбасыға жылу сыйлайтын жаңа әлеуметтік мекеме Ақсу ауданында ашылды

«Жанұя» – отбасыға жылу сыйлайтын жаңа әлеуметтік мекеме Ақсу ауданында ашылды

Ақсу ауданында қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға кешенді қолдау көрсету мақсатында жаңа әлеуметтік бастама - «Жанұя» Отбасын қолдау орталығының салтанатты ашылуы өтті. Бұл орталық - өмірдің түрлі сынақтарына ұшыраған жандарға қол ұшын созатын, үміт пен сенімнің символына айналатын маңызды мекеме.
Орталықтың басты мақсаты - отбасылық құндылықтарды сақтау, отбасылық жанжалдарды шешуге көмектесу, сондай-ақ қиын жағдайға душар болған азаматтарға кәсіби, заңгерлік, психологиялық және әлеуметтік тұрғыдан жан-жақты қолдау көрсету.
Әр отбасы – бұл қоғамның іргетасы. Өкінішке қарай, тұрмыстық қиындықтар мен әлеуметтік мәселелерге тап болған, моральдық тұрғыдан күйзеліске түскен отбасылар аз емес. Осындай жандар үшін орталықта заңгерлердің, психологтардың және әлеуметтік қызметкерлердің тегін қызметтері қарастырылған.
Сонымен қатар, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың белгілері бар азаматтар үшін бір айға дейін уақытша тұруға арналған орындар ұсынылады. Осы кезеңде оларға құжат рәсімдеуден бастап, жұмысқа орналасуға, кәсіби оқыту мен қайта даярлауға дейінгі жан-жақты көмек көрсетіледі.
Бұл – жай ғана кеңес беру орталығы емес, бұл – нақты көмек пен қолдаудың, сенім мен жан жылулығының ордасы. Біз мұндай орталықтың қажеттілігіне сенеміз және оның өңір халқының игілігі үшін қызмет ететініне кәміл сенімдіміз.
«Жанұя» Отбасын қолдау орталығының міндеті – отбасы институтын нығайту, өмірдің қиын жағдайына тап болған отбасыларды мемлекеттік органдармен бірлесе отырып қолдау және оларды жаңа өмірге бастайтын жолға бағыттау.