Жетісу облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары Сания Дүйсенбіқызының қатысуымен брифинг өтті.
Сания Дүйсенбіқызы өз сөзінде басқарманың жыл сайын ұйымдастыратын конкурсына өтінімдер қабылданатынын атап өтті. Байқау халықты әлеуметтік қорғау жүйесін дамытуға және өңір тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға елеулі үлес қосып жүрген үздік мамандарды, сондай-ақ инновациялық бастамаларды анықтау мен қолдауға бағытталғанын жеткізді.
Брифингте атап өтілгендей, негізгі мақсат – әлеуметтік қызметкерлер мамандығының беделін арттыру, олардың кәсіби біліктілігін көтеру, озық тәжірибелерді енгізу және саладағы тиімді бастамаларды кеңінен тарату.
Байқау әлеуметтік жұмыстың негізгі бағыттарын қамтитын жеті номинация бойынша өткізіледі:
•«Арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының үздік әлеуметтік қызметкері»;
•«Үйде күтім көрсету ұйымының үздік әлеуметтік қызметкері»;
•«Үздік мемлекеттік әлеуметтік инспектор»;
•«Үздік медициналық-әлеуметтік сараптама қызметкері»;
•«Үздік әлеуметтік педагог» (арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету жүйесінде);
•«Еңбек мобильділігі орталығының (мансап орталығы) үздік қызметкері»;
•«Үздік әлеуметтік жоба».
Сонымен қатар, ол бұл конкурс әлеуметтік салада еңбек етіп жүрген мамандардың кәсіби шыңдалуына, тәжірибе алмасуына және халыққа көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға зор ықпал ететінін айтты.