Жетісу облысында ерекше қажеттіліктері бар балаларға иппотерапия қызметтері көрсетілуде

Жетісу облысында ерекше қажеттіліктері бар балаларға иппотерапия қызметтері көрсетілуде

Жетісу облысында мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында ерекше қажеттіліктері бар балаларға иппотерапия қызметтері көрсетілуде. Бұл бағыт балалардың денсаулығын нығайтуға, көңіл-күйін көтеруге, әлеуметтік ортаға бейімделуіне және өмір сапасын жақсартуға ықпал етуде.

Жылқы – ерекше позитивті энергияға ие жануар. Онымен қарым-қатынас жасау арқылы балалардың жүйке жүйесі тынышталып, қозғалыс белсенділігі артып, эмоционалды жағдайы тұрақтанады. Атқа міну барысында дененің барлық бұлшықеттері жұмыс істеп, бұлшықет тонусы қалпына келеді.

2025 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде «Жетісу облыстық Ауғанстан соғысы ардагерлерінің ұйымы» қоғамдық бірлестігімен психоневрологиялық ауытқулары бар және тірек-қимыл аппараты бұзылған балаларға иппотерапия қызметін көрсету жөнінде келісім-шарт жасалды. Шілде-тамыз айларында бұл қызметпен Талдықорған қаласы бойынша барлығы 93 бала қамтылды. Әрбір қызмет алушыға арналған иппотерапия курсы 2 айға есептелген.

Иппотерапияға қатысып жүрген балалар таза ауада жақсы демалып қана қоймай, өз-өзіне сенімді болуды, жауапкершілікті және жануарға деген қамқорлық сезімін де үйренуде. Қызмет барысында әр балаға жеке көзқарас қарастырылып, барлық қажетті жағдай жасалуда.

Ата-аналардың пікірінше, иппотерапия балалардың күнделікті өміріне қуаныш сыйлап, олардың жалпы даму динамикасына оң әсерін тигізуде.