2025 жылғы 3-5 шілде аралығында Жетісу облысы бойынша мемлекеттік әлеуметтік қолдау шараларының бизнес-процесін цифрландыру және «Жанұя» отбасын қолдау орталықтарының қызметін жетілдіру мақсатында оқыту семинары өткізілді.
Іс-шараға өмірлік қиын жағдайға тап болған азаматтармен тікелей жұмыс істейтін мобильді топ мүшелері қатысты. Семинар барысында мемлекеттік қолдаудың жаңа үлгісі таныстырылып, «FSM Social» цифрлық платформасын енгізу және қолдану тәсілдері түсіндірілді. Аталған жүйе арқылы азаматтарды ерте анықтау және оларға уақтылы көмек көрсету тетіктері қарастырылды.
Семинарды Отбасын қолдау орталықтарының қызметін жетілдіру жөніндегі Республикалық жобалық кеңсенің басшысы Фарида Сағындық жетекшілік ететін жобалық топ ұйымдастырды. Оқыту барысында қатысушылар әлеуметтік қолдау қызметтерін цифрлық форматта көрсету, мобильді қосымшамен жұмыс істеу, деректерді енгізу және мониторинг жүргізу бағыттарында тәжірибелік білім алды.
Бүгінгі таңда Жетісу облысында Панфилов, Алакөл, Сарқан, Кербұлақ, Қаратал аудандары мен Текелі қаласында «Жанұя» отбасын қолдау орталықтары жұмыс істейді. Сонымен қатар, 2025 жылдың шілде–қыркүйек айларында Ескелді, Көксу және Ақсу аудандарында жаңа орталықтар ашу жоспарланған.
Аталған орталықтарда азаматтарға экономикалық, құқықтық, психологиялық, медициналық және әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Орталықтар қызметі Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің 2024 жылғы 14 маусымдағы № 256-НҚ бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады.
Семинар қорытындысы бойынша мобильді топтардың жұмысын тиімді ұйымдастыру мен әлеуметтік көмекті уақтылы көрсету бағытында бірқатар ұсыныстар берілді.