Қалада тұрақты түрде жүзеге асырылып жатқан бұл әлеуметтік маңызды жобаны «Асар» спорттық-оңалту орталығы» қоғамдық бірлестігі қолға алған. Жоба аясында мүгедектігі бар азаматтарға арналған көшпелі оңалту көмегі тегін көрсетіледі. Бағдарлама екі топқа арналған: күндізгі – өздігінен қозғала алмайтын жандарға және кешкі – жұмыс істейтін мүгедектігі бар азаматтарға. Бұл көмек әр адамның күн тәртібі мен қажеттілігін ескеріп, икемді түрде ұйымдастырылған.
Көшпелі топ құрамына ЛФК (емдік дене шынықтыру) нұсқаушысы, тәжірибелі массажшы және жүргізуші кіреді. Команда арнайы жабдықталған көлікпен келеді, бұл қызмет алушылар үшін барынша жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасайды. Бір сеанс шамамен бір сағатқа созылады және оған жеке емдік дене шынықтыру жаттығулары мен сауықтыру массажы кіреді. Барлық қызметтер адамның үйінде, өзіне таныс әрі ыңғайлы ортада көрсетіледі.
Бүгінде бұл жоба 108 адамға көмек көрсетті: 60 адам күндізгі топта, 48 адам кешкі топта қызмет алуда. Қатысушылардың пікірінше, бұл бастама олардың денсаулығы мен көңіл-күйінің жақсаруына зор үлес қосуда. Оңалту қызметі 3 жастан асқан барлық мүгедектігі бар азаматтарға арналған. Қызметке жазылу үшін 8 705 414 3030 нөміріне хабарласуға болады.
Жоба «Талдықорған қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік мекемесінің қолдауымен жүзеге асырылуда. Алдағы уақытта бұл бастаманы Жетісу облысының өзге өңірлеріне де кеңейту жоспарланып отыр. Бұл — қоғамды инклюзивті ету жолындағы маңызды қадам, әр адамның денсаулыққа, күтім мен қолдауға құқығы бар екенін көрсететін жарқын мысал.