Облыс құрылғаннан бері өңірде мүгедектігі бар адамдар үшін 774 нысан бейімделді, инватакси саны 2 есеге өсті, сондай-ақ әлеуметтік қорғау саласында 20 жаңа нысан ашылды. Солардың қатарында Алакөл жағалауындағы жазғы сауықтыру лагері, аймақтағы тұңғыш иппотерапия орталығы, белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары және балалар мен ересектерді оңалтуға арналған бірқатар заманауи орталықтар бар, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Мүгедек балаларға әлеуметтік қызмет көрсетудің 5 жаңа орталығы Алакөл, Сарқан, Қаратал, Панфилов аудандарында және Талдықорған қаласында ашылды.
Облыста алғаш рет Алакөл көлінің жағасында 2023 жылы аудан әкімдігінің резиденциясы базасында құрылған мүгедектігі бар 6 жастан 18 жасқа дейінгі балаларға арналған 40 орындық «Жансая» сауықтыру жазғы лагері ашылды. Екі жыл ішінде осы лагерьде балаларына қарауға келгендерді қосқанда 269 бала тегін демалды, ал биыл ерекше қажеттіліктері бар тағы 160 бала сауықтырудан өтеді.
Бірегей жобаның бірі – 2024 жылы Панфилов ауданы Жаркент қаласындағы «Мерей» балаларды оңалту орталығының базасында ашылған иппотерапия орталығы. Бұл – өңірдегі осындай алғашқы нысан. Онда бүгінге дейін 30 бала иппотерапия емін қабылдады.
Ересек тұрғындарға оңалту қызметін көрсету де назардан тыс қалған жоқ. Мәселен, 2024 жылы «Қамқор» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығында стационар жағдайында 18 жастан асқан адамдар үшін 50 төсек-орындық бөлімше ашылды. Бұл балалары «Қамқор» орталығында тәрбиеленетін ата-аналардың өтініші бойынша қолға алынды. Жалпы Орталық психоневрологиялық патологиясы бар адамдарға арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетеді.
Сондай-ақ 2024 жылы мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында неврологиялық аурулары бар 18 жастан асқан ерекше қажеттілігі бар адамдар үшін 30 орындық күндізгі жартылай стационар ашылды. Бұл – Талдықорғанда 18-35 жас аралығындағы адамдарға арнап ашылған өңірдегі осындай алғашқы орталық. Болашақта мұндай орталықтарды Көксу және Сарқан аудандарында ашу жоспарда бар.
Талдықорғанда 2023 жылдан бастап жергілікті жас кәсіпкер Елдос Баялышбаев ашқан спорттық-оңалту орталығы жол апатынан жарақат алғандарға, сонымен қатар ДЦП-сы бар, инсульт алған, мүгедектігі бар адамдарға қызмет көрсете бастады. Орталық жыл сайын 400 адамға дейін қабылдайды. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде оңалту қызметтері халыққа тегін көрсетіледі. Бұл ретте орталық ересектер мен балаларды оңалту үшін АҚШ, Жапония, Германия, Италия, Ұлыбритания, Испания, Польшадан әкелінген, соның ішінде Қазақстанда баламасы жоқ 30-дан астам тренажерлармен және арнайы жабдықтармен жабдықталған.
Ал биыл мемлекеттік қолдаудың арқасында орталық республикада бірінші болып үйде оңалту қызметтерін ұсыну әлеуметтік жобасын іске асырды. Жоба басталғаннан бері 60 адамға қызмет көрсетті.
Талдықорғандық отбасылар көшпелі оңалту шараларының игілігін алғашқылардың бірі болып көрді.
- Зайыбым Анар 11 жыл бұрын инсульт алды. Үшінші қабатта тұрамыз, арнайы көтергіш жоқ болғандықтан, сыртқа шығу, оңалту орталығына бару бізге қиындық туғызады. Қазір үйімізге келіп, оңалту қызметін көрсетіп жатыр. Бұл бізге өте қолайлы. Мамандардың тиісті ем шараларын жасап жатқанына он күндей болды. Осы бастаманы іске асырып жатқан азаматтарға алғыс айтамыз, – деді А. Басшығұлованың жұбайы Қанат Қосуханов.
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының хабарлауынша, жоба аясында мамандар пациенттердің үйлеріне барып, сауықтыру массажы мен емдік дене шынықтыру қызметтерін көрсеткен. Бір сеанс шамамен бір сағатқа созылады және әр пациентпен жеке жұмыс жүргізіледі. Көшпелі бригада құрамында массаж терапевті мен жаттығу терапиясының нұсқаушысы, көлік жүргізушісі болды. Сонымен қатар жергілікті жерлерде мамандардың ыңғайлы және қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ететін арнайы таңбаланған автокөлік сатып алынды. Жыл соңына дейін көшпелі оңалту қызметтерімен 200-ден астам адамды қамту жоспарланып отыр. Алдағы уақытта мұндай қызмет көрсету үлгісін Талдықорғанға жақын аудандарға да тарату көзделген.
Жалпы өңірде мүгедектігі бар адамдардың инфрақұрылымдарға қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін 5 жыл ішінде 1120 объектіде бейімдеу жұмыстарын жүргізу жоспарланғанын атап өткен жөн. Қазіргі кезде 774 нысан бейімделді, ал қалған 346 нысан 2027 жылға дейін бейімделеді, соның 193-і биылғы жылдың еншісінде. Атап өтсек, бүгінгі күні өңірде мүгедектігі бар адамдардың инфрақұрылымдарға қолжетімділік деңгейі 69%-ға жетті, яғни бұл – еліміз бойынша үздік көрсеткіш.
Сонымен қатар соңғы 3 жылда аймақта инватакси саны 18-ден 32-ге жетіп, екі есе өсті. Небәрі 3 жыл ішінде мүгедектігі бар адамдар инватакси қызметтерін 200 мыңнан астам рет тегін пайдаланды.
Бұдан бөлек, қазіргі кезде Алакөл ауданында психоневрологиялық аурулары бар 18 жастан асқан адамдарға арналған «Шуақ» арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы салынуда.
Биыл Талдықорған қаласында 150 орындық оңалту орталығының құрылысы басталады.
Сондай-ақ Сарқан ауданында 18 жасқа дейінгі мүгедек балаларға арнаулы әлеуметтік оңалту қызметтерін көрсететін күндізгі стационар салу жоспарланған.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотографтар: Жеңіс Ысқабай, Дмитрий Ерофеев, сол сияқты фотосуреттер облыс әкімі баспасөз қызметінің архивінен алынды.