1 маусымда Президенттік жастар кадрлық резервіне қатысуға құжаттарды қабылдау басталды

1 маусымда Президенттік жастар кадрлық резервіне қатысуға құжаттарды қабылдау басталды

1 маусымда Қазақстанның жас мамандары үшін ашық және тиімді әлеуметтік лифт құруға бағытталған бірегей жоба – Президенттік жастар кадрлық резервіне қатысуға құжаттарды қабылдау басталды. 30 маусымға дейін 35 жастан аспаған, жоғары білімді, кемінде 5 жыл жұмыс тәжірибесі бар, B1 деңгейінен төмен емес деңгейде мемлекеттік тілді меңгерген ел азаматтары pkrezerv.gov.kz сайтында өз өтінімдерін бере алады. Бұл туралы облыс әкімдігінде Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жетісу облысы бойынша департаментінің басшысы Қобылан Манаптың төрағалығымен, мемлекеттік қызметшілер мен белсенді жастардың қатысуымен өткен жиында айтылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Жиында  Президенттік жастар кадрлық резервінің іріктеу конкурсына қатысу шарттары және бұл жобаның болашақ мемлекеттік қызметшілер үшін беретін мүмкіндіктері туралы кеңінен түсіндірілді.

Қобылан Манап өз сөзінде кадрлық резервке іріктеу жеке тұлғасын дамытуға және кәсіби өсуге ұмтылатын, көшбасшылық жауапкершілігін алуға және елді дамытуда инновациялық шешімдерді ұсынуға дайын азаматтарға арналғанын атап өтіп, жастарды бұл жобада белсенді болуға шақырды. Оның айтуынша, кадр резервінің кезекті конкурсының басталуы жас мамандардың алдынан жаңа көкжиектер ашып қана қоймай, Қазақстанның болашақ мемлекеттік қызметшілерінің кәсіби және ынталы тобын қалыптастыруға жәрдемдеседі.

Өз кезегінде ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Жетісу облысы бойынша филиалының Білім беру бағдарламаларын әзірлеу және іске асыру кабинетінің меңгерушісі Альфия Қалқанова мемлекеттік басқару жүйесінде мансапты құру жөнінде толығырақ айтып берді.

- Табысқа жетудің кілті – үздіксіз даму. Мемлекеттік басқару академиясы магистратура мен докторантураның заманауи бағдарламалары, оқытудың озық әдістері, үздік отандық және шетелдік тәжірибелерге қол жеткізу секілді бірегей білім беру мүмкіндіктерін ұсынады, - деді Альфия Қалқанова.

Атап өтсек, кандидаттарды іріктеу мынадай негізгі бағыттар бойынша жүргізіледі: әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам, инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты, экономикалық және қаржылық саясат, цифрландыру, агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау, сыртқы саясат және инвестициялар.

Осы жылы кандидаттардың салалар бойынша біркелкі бөлінуін қамтамасыз ету, сондай-ақ процесті мүмкіндігінше ашық ету үшін іріктеу процедурасы жетілдірілген. Әр бағыт үшін жекелеген квоталар, теңдей іріктеу қарастырылған және құжат қабылдау, ақпаратты талдау тестілеуі, жағдаяттық міндеттерді шешу, құзыреттерді бағалау, сарапшылармен әңгімелесу және Ұлттық комиссияның шешуші отырысы сияқты бағалаудың алты кезеңі белгіленген.

Еске салсақ, Президенттік жастар кадр резервіне іріктеу қорытындылары 25 қазаннан кейін жарияланады. Резервке әлеуеті зор, әрі құзыретті 50 жас маман қабылданады.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотосуреттрерді түсірген: Жұмабай Мұсабеков.