Сарқан ауданының Көктерек ауылында ұзақ жылдар ескіріп, тұралап қалған мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп, салтанатты түрде қолданысқа берілді.
Көктерек тұрғындарының қуанышын бөліскен аудан басшысы Маманбаев Ғалымжан Қанатұлы мен ҚР парламенті Сенатының депутаты Дюсенбинов Сұлтан Мырзабекұлы ауыл тұрғындарын айтулы қуанышпен құттықтап, ашылу салтанатының лентасын қиды.
200 орындық мәдениет сарайында домбыра, вокал, әжелер ансамблі, қолөнер, би үйірмелері жұмыс жасайтын болады. Нысанның қолданысқа енуімен 9 азамат тұрақты жұмыспен қамтылғалы отыр.
Қайта жаңғырған мәдениет үйінде енді ауыл тұрғындары мерекелік іс-шаралар мен мейрамдарды кең көлемде атап өте алады.
«Бүгін ауылымыз үшін ерекше күн. Күрделі жөндеуден өткен мәдениет үйіміз салтанатты түрде ашылды. Ашылу салтанатына орай бүгін ән айтып, би билеп тойлап жатырмыз. Өнер сүйер жастарға үлкен мүмкіндік ашылып, қолайлы жағдай жасалып отыр. Алғысымыз шексіз»,- деді жас өнерпаз Башай Айзере.
Сонымен қатар, мәдениет үйінің екінші қабатында 9549 кітап қоры бар кітапхана орналасып, кітап сүйер қауымға қолайлы жағдай туғызды.
Айта кету керек, мәдениет үйінің құрылыс жұмыстарына жергілікті бюджеттен 321 млн теңге жұмсалған.