Басты мақсат - өңірдің дамуы

Басты мақсат - өңірдің дамуы

Ауданымызға жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің жетінші шақырылым депутаттары Данияр Әлімбаев пен Әлия Әбсеметова алдымен «Nur Otan» партиясы Сарқан аудандық филиалының ғимаратында қоғамдық қабылдау өткізді. Қоғамдық қабылдауға болған аудандық мәслихаттың депутаттары Бірлік, Теректі ауылдарындағы жоспарланған мектептердің құрылысын жүргізуді, Көктерек ауылындағы мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізуді және өңіріміздегі тау туризмін дамытуға ықпал ететін Теректі-Жалаңаш бағытындағы жолды жөндеу жұмыстарын қаржыландыру сынды бірқатар мәселелерді көтерді. Барлық аталған нысандар тиісті мемлекеттік сараптамадан өтіп, жобалық-сметалық құжаттары әзірленген, тек қаржы жағы құрылыстарға қолбайлау. Өз кезегінде мәжіліс депутаттары тиісті облыстық басқарма басшыларына ұсынысхат жазып, Республикалық бюджеттен қаржы қарастырылуына ықпал етуге уәде берісті. Қабылдау соңында меймандар аудандағы әріптестерімен өңірдің дамуы жайында ашық пікір алмасып, емен-жарқын әңгімелесті.

     Бұдан соң халық қалаулылары аудан орталығында бой көтеріп жатқан 5 қабатты 50 пәтерлі жалдамалы тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарымен етене танысты. Нысан басына арнайы ат басын бұрған меймандар мердігер компания өкілдерімен жүздесіп, сапа жағына баса мән беруге шақырды.

       Сапар барысында мәжіліс депутаттары сондай-ақ «Nur Otan» партиясы Сарқан аудандық филиалы жанынан құрылған «Жұмыспен қамту және әлеуметтік осал топтарды қолдау, отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелері» жөніндегі кезектен тыс қоғамдық кеңестің отырысына қатысты. Аталмыш өзекті мәселелер бойынша Н.Островский атындағы мектеп лицейдің директоры Бақытгүл Сәрсембаева, Черкасск орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Дархан Елубаев оқушылардың құқықтық тәрбиесі жайында баяндама жасады. Мектептерде орын алған түрлі келеңсіздіктер мектеп психологтарымен, жауапты мамандармен жұмысты күшейтуді талап етеді. Осы мәселеге «Nur Otan» партиясы Алматы облыстық  филиалы төрағасының бірінші орынбасары Гүлнар Тойлыбаева жиын қорытындысында бас назар аударып, бала құқығын қорғауда аталмыш қоғамдық кеңестің жұмысы маңызды екеніндігін айрықша атап өтті. Осы бас қосуда  Данияр Әлімбаев пен Әлия Әбсеметова балалар құқығына, қауіпсіздігіне қатысты Парламент қабырғасында көтеріліп жатқан мәселелер турасында да мәліметтерімен бөлісті.