Алматы облысында Мұхтар Арынның 85 жылдығы аталып өтуде

Алматы облысында Мұхтар Арынның 85 жылдығы аталып өтуде
Тәрбие кілтін қашаған ұстаз-Мұхтар Арын
Ұлттық руханияттың бес асылын белгілеп берген қоғам қайраткері, білім мен тәрбие жүйесіне бар ғұмырын сарп еткен ойшыл ұстаз, профессор, ғалым -Мұхтар Арын Ғалиұлының туғанына 85 жыл толды. 
 Жетісудың төл перзентінің пешенесіне елінің ағартушысы болу бақыты бұйырған. Тіл мен дінді, тарих пен дәстүрді, туған жерді қазақтың тірегі, «Бес анық» деп топтастырған ғұлама, сан ұрпаққа азық болған еңбегінде, текті халықтың қасиеті мен дара болмысы турасында жақұтқа бергісіз ізгі пайымдарын қалдырған. Бұл бір ғана «әке аманаты» деп тар ұғымның ішінде қарастыратын дүние емес. Мұнда қазаққа тән психология жатыр. 
Мұхтар Арынның терең тағылымы, осы бір ұлттық менталитеттің күре тамырына байланған ерекше ойларынан көрініс тапса керекті. 
«Бес анықтың» төңірегінде сананы оятып, тәрбие кілтін қашаған ұстазды ұлықтамайтын қазақ кемде-кем. Соның айқын көрінісі, Алматы облысының орталығындағы, дарынды балаларға арналған үш тілде оқытатын Мұхтар Арын атындағы №24 «Экономика және бизнес» арнаулы лицейінде Мұхтар Ғалиұлының көркем сөзден тұрғызған мұнарасының ірге тасын құлатпай, ел есінде мәңгі жаңғыртпаққа ат салысуы. Аталған білім ордасында, Мұхтар Арынға арналған мұражай жасақталған. Мұнда қоғам қайраткерінің өмірінен сыр шертетін жәдігерлер бар. Қолжазбалары, кітаптары, өзі тұтынған заттары бәрі-бәрі шағын мұражайдан орын тапқан. Ағаның, киген киімі мен қолсағаты, қылқаламмен бейнеленген суреті, ұстаздың ұрпағынан алыстамағанын көрсетіп тұрғандай. 
 Ғұламаның мерейтойын атап өтуге дәл осы білім ошағы айрықша ден қойған. Тағылымын дәріптеу арнаулы он күндік шеңберінде жүзеге асырылып, соңы профессор Мұхтар Ғалиұлы Арынның 85 жылдығына арналған «Арын оқулары» республикалық ғылыми-практикалық конференциясына ұласты. 
Алқалы жиын онлайн форматта өткізіліп, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті Басқарма төрағасы-Ректоры м.а., тарих ғылымдарының докторы, профессор Бекназаров, Ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Айталы, философия ғылымдарының профессоры Ерлан Мұхтарұлы және медицина ғылымдарының профессоры Нұрлан Мұхтарұлы мен №24 «Экономика және бизнес» арнаулы лицейі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Жөнкебаевалар қатысты.
Онлайн кездесуде сөз алғандар, Ұстаздың орамды ойлары мен өмір өткелдері жайында ой өрбітті. Бірі адамгершілігін, енді бірі қырағылын тілге тиек етіп, ғұмырындағы сыры мен сыны кетпеген естеліктерді ортаға салды. 
«Бүгінгі конференцияға қатысушыларға үлкен алғысымды білдіремін. Бізге құнды мәліметтермен бөлісіп, әкеміздің басқан ізі, қалдырған мұрасы төңірегінде тұшымды пікірлер айтып жатырсыздар. Мен ойлаймын әкеміз тек бізге емес, бар қазаққа жол сілтеді, бағыт берді. Оның еңбектерінің ел аузында болуының сыры да осында жатыр деп есептеймін. Әкеміз жайлы бірегей туындылар жарық көріп, туған топырағы, Жетісу жеріде барынша ұлықтау үстінде. Көңілге қуаныш ұялатады»,-деді жиын барысында Ерлан Мұхтарұлы.
 
«Бес анықта» ана тіліміз ғылым мен техниканың тілі болуы керек» деген идеяны кестелеп, ұлы Абайдың рухани қазынасына терең бойлап, оның «дінді дұрыс түсінуге көмек болатын бірінші құрал»,- деп баға берген асыл жанның жазбалары да, қоғам құндылықтарын таразыға салып беретін басты сарапшы екенін естен шығармаған абзал. Ұлттық болмысты айшықтайтын, Алашты көкке жетелейтін ұстаздың ұстанымдары ұрпаққа азық.