Сарқан ауданында «Көктем-2021» Республикалық командалық штабтық оқу жаттығуы өтті

Сарқан ауданында «Көктем-2021» Республикалық командалық штабтық оқу жаттығуы өтті

Биылғы қыс пәлендей тосын мінез көрсетпегенмен соңғы жауған қалың қар төтенше жағдайларға дайындығымызды айқындап бергендей. Тиісті сала мамандары өңіріміздегі қардың қалыңдығы бүгінгі күнге 46 см құраса, жер тоңының 45 см екендігін анықтаған.
Күн күрт жылынбаса айтарлықтай апаттың орын алмайтындығын айтып сендіруде. Дегенмен айтып келмейтін апатқа қашан да сақадай сай болған дұрыс. Бүгін аудандық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің жанындағы алаңда Республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы өтті.
Оқу-жаттығуға 35 дана әр түрлі техника және 112 адам «Дабыл» бойынша көтеріліп, жоғары әрекет деңгейіне келтірілді. Азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесін ұйымдастыруды жетілдіру, сондай-ақ басқару органдарын, күштер мен құралдарды талапқа сай ұстау мақсатында өткен ауқымды шараға аудан әкімінің орынбасары аудандық азаматтық қорғаныс бастығының орынбасары Жомарт Мыңбаев қатысып, ауданның жедел әрекет ету жасағының жеке буындары және командаларының саптық түзілуін аралап, осы буынды құрайтын біраз мекемелер жұмысына сын айтып, оны жоюға бағытталған нақты тапсырмалар жүктеді.
Сонымен бірге саптық тексеріс кезінде Жомарт Мыңбаев әрбір құрам және буындардың төтенше жағдайлар кезіндегі негізгі міндеттері мен қимылдарын сұрап, мүлікпен, арнайы киім және техникамен жабдықталуымен жақын танысты.
Сондай-ақ аудандық азаматтық қорғаныс бастығы хабарландыру және байланыс жүйелерінің дайындығын көзбен көріп, материалдық-техникалық, азық-түлік, медициналық және де басқа қажеттіліктердің жеткілікті мөлшерде болуын қатаң тапсырды.
Шараға аудандық төтенше жағдайлардың алдын алу және зардаптарын жою жөніндегі комиссия мүшелері, аудандық эвакуациялық комиссия, жедел әрекет ету жасағы және т.б. қатысты.