Екіаша ауылында жаңартылған өрт сөндіру бекеті ашылды

Екіаша ауылында жаңартылған өрт сөндіру бекеті ашылды

Бүгін Сарқан ауданының Екіаша ауылында жергілікті атқарушы органға қарасты жаңартылған өрт сөндіру бекетінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Іс-шараға Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Қанат Дүйсембекұлы Алтынбеков, Сарқан ауданы әкімінің орынбасары Алмас Ажарханұлы Байгунысов, «Жоңғар-Алатау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің директоры Марат Нұрғазыұлы Кабиев, азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері, сала ардагерлері және ауыл тұрғындары қатысып, жаңа нысанның ашылуымен құттықтады.

Салтанатты рәсім барысында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге үлес қосқан азаматтар марапатталып, жаңартылған өрт сөндіру бекетінің кілті Екіаша ауылдық округінің әкіміне, ал өрт сөндіру автокөлігінің кілті бекет жүргізушісіне табысталды.

Жаңартылған өрт сөндіру бекетінде 1 арнайы техника мен 4 қызметкер тәулік бойы кезекшілік атқарады. Бекет Екіаша, Топалевка және Аманбөктер ауылдарына қызмет көрсетіп, төтенше жағдайларға жедел ден қоюға мүмкіндік береді.

Айта кету керек, биыл Сарқан ауданындағы Мұқан Төлебаев ауылында орналасқан өрт сөндіру бекетін жаңғырту жұмыстары да жүргізілуде. Бұл ауылдық елді мекендердің қауіпсіздігін күшейтуге бағытталған жүйелі жұмыстың жалғасы.

Жаңа нысан ауыл тұрғындарының қауіпсіздігін арттырып, азаматтардың өмірі мен мүлкін қорғауға бағытталған маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі болып табылады.