
Сарқан ауданында жасөспірімдер спортының дамуына серпін беретін «J-LEAGUE» жобасы аясындағы аудандық іріктеу жарыстарының ашылу салтанаты өтті.
Аталған жобаға облыстың әр өңірінен 2010-2016 жылдары туған жасөспірім ұлдар мен қыздар футболдан — «БЫЛҒАРЫ ДОП», волейболдан — «ШҰБАР ДОП», баскетболдан — «АЛТЫН ДОП» спорт түрлері бойынша қатысуда.
Салтанатты шарада аудан әкімінің орынбасары Алмас Ажарханұлы сөз сөйлеп, жас спортшыларға сәттілік тіледі.
– «Осындай жобалар арқылы өскелең ұрпақ спортқа жақын болып, салауатты өмір салтын қалыптастырады. Бұл жарыс — жас таланттарды шыңдайтын, достық пен бірлікті нығайтатын маңызды алаң. Барша қатысушыларға әділ ойын мен жарқын жеңіс тілеймін», – деді аудан әкімінің орынбасары.
Айта кетейік, Сарқан ауданындағы іріктеу кезеңіне 45 командадан 450-ге жуық жас спортшы қатысып, өзара мықтыны анықтауда.
Аудандық кезеңде үздік атанған командалар облыстық жарысқа жолдама алып, Сарқан ауданының намысын қорғайтын болады.