Сарқанда ардагерлер ұйымының IX конференциясы өтті

Сарқанда ардагерлер ұйымының IX конференциясы өтті

Жиынға аудан әкімі Маманбаев Ғалымжан Қанатұлы, облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Келемсейіт Ермек Әбілмәжінұлы, бастауыш ардагерлер ұйымдарының төрағалары қатысты.

Жиын барысында ұйымның 2024–2025 жылдары атқарған жұмыстары қорытындыланып, алдағы кезеңнің негізгі бағыттары айқындалды. Сондай-ақ ардагерлер қозғалысын дамыту, аға буынның өмірлік тәжірибесін жас ұрпақ тәрбиесіне бағыттау мәселелері кеңінен талқыланды.

Конференцияда 13 жыл бойы ұйым жұмысына абыроймен төрағалық еткен Жанасбеков Қадыл Тұрысбекұлы биыл қызметін аяқтап, өз орнына Тусупов Мұрат Төлеуұлының кандидатурасын ұсынды. Ардагерлер бұл ұсынысты бір ауыздан қолдады.

Жиын барысында Қадыл Тұрысбекұлына облыс басшысы Бейбіт Өксікбайұлы Исабаевтың Құрмет грамотасы мен аудан әкімінің Құрмет грамотасы табысталып, құрмет көрсетілді.

«Сарқан ауданының береке-бірлігі мен жетістігі — алдыңғы буынның ерен еңбегі мен ақыл-кеңесінің жемісі. Әсіресе, ұзақ жылдар бойы ұйымды абыроймен басқарған Қадыл Тұрысбекұлының еңбегін ерекше атап өткім келеді. Оның өмірлік тәжірибесі — жастар тәрбиесіндегі баға жетпес мектеп. Ардагерлердің ақыл-парасаты ауданымыздың әрқашан басты тірегі болып қала бермек», — деп атап өтті аудан басшысы.

Сонымен қатар аудан әкімі ауданның қоғамдық өміріне белсенді үлес қосып жүрген бірқатар ардагерлер де марапат төрінен көрінді.