Сарқан қаласының тұрғындарымен өткен кездесу барысында аудан әкімі Маманбаев Ғалымжан Қанатұлы ауданның өткен жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындыларын баяндап, алдағы кезеңге жоспарланған жобалармен бөлісті.
«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында табиғи ландшафты сақтай отырып абаттандырылып жатқан «Қойтас» саябағының аумағы биыл 15 гектарға ұлғайтылып, оның аумағында қайық станциясы, экологиялық ашық аспан астындағы музей, мұз айдыны, сырғанақ тебу алаңдары және демалыс пен қоғамдық тамақтану орындарын салу жоспарлануда.
Сонымен қатар, Сарқан қаласының батыс бөлігінде, Тәуелсіздік көшесінің бойында тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға арналған жаңа жер үйлер салу, жаңа алея ашу, сондай-ақ қала аумағындағы бірқатар көшелерді орташа жөндеуден өткізу көзделіп отыр. Бұдан бөлек, автоматты газ тарату станциясынан қала аумағына дейін жоғары қысымды газ құбырын жеткізу жоспарланған.
Аудан әкімі Маманбаев Ғалымжан Қанатұлы:
«Алға қойылған жобалардың барлығы тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға және қала аумағын кешенді дамытуға бағытталған. Әрбір бастама кезең-кезеңімен, нақты жоспар аясында жүзеге асырылатын болады».
Жиын барысында өткен жылы атқарылған жұмыстардың нәтижелері де кеңінен баяндалды. Атап айтқанда, тұрғын үй құрылысы, ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесін шешу, қала аумағын абаттандыру, инженерлік және жол инфрақұрылымын дамыту, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, сондай-ақ әлеуметтік нысандарды ашу бағыттарында ауқымды жұмыстар атқарылғаны айтылды.
Кездесу барысында тұрғындардың сұрақтары тыңдалып, азаматтарды жеке қабылдау ұйымдастырылды. Көтерілген барлық мәселелерге қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жауаптар берілді.
