
Сарқан ауданының әкімі Ғалымжан Қанатұлы Маманбаев жұмыс сапары барысында Лепсі ауылында салынып жатқан жабық үлгідегі заманауи стадионның құрылыс алаңына барды.
Нысан басында аудан әкімі ауылдық жерлерде спорт инфрақұрылымын дамыту – жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру мен салауатты өмір салтын қалыптастырудағы маңызды бағыт екенін атап өтті.
«Балалар мен жастардың жыл бойы спортпен айналысуына мүмкіндік беру – басты міндет. Бұл стадион ауыл үшін аса қажет нысан. Құрылыс сапасы мен мерзімі бақылауда болады», – деді аудан әкімі Ғалымжан Қанатұлы.
Аумағы 24х50 метрді құрайтын спорт нысаны кез келген мезгілде футболмен шұғылдануға арналған. Құрылыс жұмыстарын «Қазақстанның саңыраулар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің «Талдықорған оқу-өндірістік кәсіпорны» жүргізуде. Қазіргі таңда темір конструкцияларды құрастыру жұмыстары атқарылуда.
Айта кетер болсақ, аталған нысан Сарқан ауданында салынып жатқан жабық үлгідегі үшінші заманауи стадион болмақ.
Сонымен қатар жұмыс сапары аясында аудан әкімі округ тұрғындарымен жүздесіп, көтерілген ұсыныстарды тыңдады. Кездесу барысында Көкжиде ауылына жаңа саябақ салу мәселесі қарастырылып,жұмыс жоспарына енгізілді.