
Жаңа жыл - әсіресе балалар үшін, асыға күтетін ғажайыпқа толы мерекенің бірі. Осыған орай, бүгін Алмалы ауылының спорт кешенінде аудан әкімінің бүлдіршіндерге арналған жаңа жылдық шыршасы өтті.
Мерекелік қойылыммен өріліп, түрлі сый-сияпаттармен толығатын дәстүрлі шырша тойы биыл да ерекше мағынада ұйымдастырылды.
Аталмыш шараға ата-ана қамқорлығынсыз қалған, аз қамтылған және көпбалалы отбасылардың балалары шақырылған. Көңілді өрілген мерекеге аудан мектептерінен 120 бала қатысты.
Мерекелік шараның негізгі бөлімі, өнерпаз білімгерлердің «Ғажайыпқа толы Жаңа жыл!» атты жаңа жылдық сазды қойылымымен жалғасты. Түрлі ертегі кейіпкерлерінің бейнесіндегі жаңа жылдық костюмдер киген балақайлар алдында кең сахнада мерекелік қойылым шымылдық түріп, барша балдырғандарды қызық-қуанышқа кенелтті.
Мерекелік шараға аудан әкімінің орынбасары Алмас Ажарханұлы қатысып, балаларды келе жатқан жаңа жыл мерекесімен құттықтап, балаларға жылы лебізін арнап, мерекелік салтанатқа жиналған барша оқушыларға арнайы дайындаған тәтті-дәмділерін табыс етті.