
2 желтоқсан күні Сарқан қаласындағы №12 өрт сөндіру бөліміне тұрғыннан «улы газды анықтау датчигі дабыл қақты» деген хабарлама түседі. Дабылдың даусынан оянған көпбалалы ана үй ішінен түтіннің иісін байқап, балаларын шұғыл сыртқа шығарып, 101 нөміріне қоңырау шалған.
Оқиға орнына дереу жеткен өрт сөндірушілер пеш орналасқан бөлмеде қабырғаның ішкі жағынан жану жүріп, түтіннің үйге тарап жатқанын анықтады. Қызметкерлер дер кезінде әрекет етіп, түтіндеуді толықтай тоқтатты.
Сарқан ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Елдар Тұрсынов жағдайға қатысты:
«2025 жылдың 2 желтоқсанында улы газды анықтау датчигінің дабылы бойынша Сарқан ауланының номері 12 өрт сөндіру бөліміне хабарлама түсті. Жедел топ оқиға орнына жылдам шығып, қауіп қайнарын толық жойды», – деді.
Оқиғаға тап болған көпбалалы ана дабыл құрылғысы болмаса, жағдайдың әлдеқайда ауыр болатынын айтады.
Айта кетейік, дәл осы датчик аталған үйге 13 қараша күні Сарқан ауданының төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері мен әкімдік мамандары бірлесіп орнатқан.
Жылыту маусымында аудан әкімдігінің қолдауымен төтенше жағдайлар бөліміне 350 дана улы газды анықтау датчигі сатып алынып, әлеуметтік жағынан осал және көпбалалы отбасылардың үйлеріне орнату жұмыстары жалғасып жатыр.