
Сарқан ауданында жастарды салауатты өмір салтына баулу және спортты дамыту мақсатында “Спорт – есірткіге қарсы” ұранымен баскетболдан жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында Жетісу облысының чемпионаты өтті.
Жарысқа өңірдің 8 ауданынан 14 команда, жалпы 168 ойыншы қатысса, ашылу салтанатында Сарқан ауданының балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Балабеков Дастан мен Спортты дамыту және бұқаралық-спорттық іс-шараларды өткізу дирекциясының Сарқан филиалының жетекшісі Мәліков Мадияр сөз сөйлеп, қатысушыларды құттықтап, спорттың қоғамдағы маңызы мен жастар тәрбиесіндегі рөлін атап кетті.
– Бүгінгі жарыс тек спорттық сайыс қана емес, бұл – жастардың ерік-жігері мен салауатты өмірге деген құлшынысының көрінісі. Біз осындай белсенді және батыл жасөспірімдерге куә болып отырмыз. Олардың спорт арқылы дамып, зиянды әдеттерден алшақ болуына әрдайым қолдау көрсетіп, қоғам өміріне толыққанды араласуына мүмкіндік жасауға тырысамыз, – деді Әділет майоры Еркенов Мадияр Алтайұлы.
Жарыс өте тартысты өтті, ұлдар арасында ең үздік нәтиже көрсеткен команда – Панфилов ауданының құрамасы болды. Екінші орын Талдыкорған қаласының “Өркен” командасына бұйырса, үшінші орын Ескелді ауданының командасына тиісті болды. Қыздар арасындағы бәсекеде бірінші орынды Сарқан ауданының қыздары жеңіп алды. Екінші орын Талдыкорған “Өркен” командасына тиесілі болса, үшінші орын Текелі қаласының қыздар командасына бұйырды. Барлық командалар өз шеберліктерін паш етіп, көрермендерге тартысты әрі қызықты ойындар сыйлады.
Шара жастар арасында спорттың дамуына, достық қарым-қатынастың нығаюына және салауатты өмір салтын насихаттауға оң әсерін тигізді.
бұқаралық-спорттық іс-шараларды
өткізу дирекциясының тілшісі
Мұрат КҮМІСБЕК