Сарқанда «Жас құтқарушы» кадет сыныбы ашылды

Сарқанда «Жас құтқарушы» кадет сыныбы ашылды

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің 30 жылдығына орай, Сарқан қаласындағы №1 мектеп-гимназия базасында «Жас құтқарушы» кадет сыныбы ашылды.

Жоба жас ұрпаққа қауіпсіздік негіздерін үйретіп, төтенше жағдайлар кезінде дұрыс шешім қабылдау, алғашқы медициналық көмек көрсету және өз өмірі мен өзгенің өмірін қорғау дағдыларын қалыптастыруды мақсат етеді.

Шара барысында аудан әкімінің орынбасары Алмас Ажарханұлы құттықтау сөз сөйлеп, «Жас құтқарушы» бастамасының өскелең ұрпақты жауапкершілікке, батылдық пен патриоттық сезімге тәрбиелеудегі маңыздылығын атап өтті.

Жас кадеттерге арнайы куәліктерді Жетісу облысы Төтенше жағдайлар департаментінің кадр және тәрбие жұмысы басқармасының бастығы, азаматтық қорғау майоры Серікбол Елдосұлы табыстады.

Сонымен қатар, Серікбол Елдосұлы мектептің спорт саласында үздік нәтиже көрсетіп жүрген оқушылармен де жүздесті.

Жаңа кадет сыныбының ашылуы — аудан жастарының бойында ержүректік, тәртіп пен азаматтық жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға бағытталған маңызды қадам болды.