Бүгін Сарқан аудандық мәдениет үйінде Мұғалімдер күніне арналған салтанатты шара өтті.
Аудан әкімі Ғалымжан Қанатұлы ұстаздар қауымын мерекемен құттықтап, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі еңбектері үшін алғысын білдірді.
“Ұстаз – ұлт болашағының негізін қалаушы тұлға. Сіздердің еңбектеріңіздің арқасында ауданымыздың жетістігі артып, жас буынның әлеуеті өсіп келеді. Баршаңызға денсаулық, шығармашылық табыс пен отбасы амандығын тілеймін”, – деді аудан басшысы.
Аудан әкімі биыл білім саласында атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарлармен де бөлісті. Көкөзек, Мәншүк Мәметова атындағы орта мектептері мен «Айдана» балабақшасында жөндеу жүргізіліп, Черкасск орта мектебі жаңа автобуспен қамтамасыз етілді.
Сонымен қатар, аудан орталығында «Жайлы мектеп» жобасы аясында жаңа білім ошағын салу жоспары бар екені атап өтілді.
Биыл сарқандық оқушылар халықаралық, республикалық және облыстық олимпиадаларда 11 алтын, 35 күміс, 72 қола медаль иеленіп, өңір мерейін асырды. Абай атындағы мектеп-гимназияның жас робототехниктері халықаралық “Роботек Гранд” чемпионатында жүлделі III орынға ие болды.
Ал Н.Островский атындағы мектеп-лицейі еліміздің “Үздік 100 мектеп – 2025” қатарына енді.
Кеш барысында бірқатар ұстаздар аудан әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарымен марапатталып, мерекелік шара концерттік бағдарламамен қорытындыланды.