Аудандық білім бөлімінің ұйымдастыруымен Сарқан аудандық мәдениет үйінде аудан әкімінің орынбасары Алмас Ажарханұлы мен аудан прокурорының орынбасары Әділет Асқарұлының қатысуымен «Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы» тақырыбында аудандық ата-аналар жиналысы өтті.
Жиынның негізгі мақсаты – жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың, нашақорлықтың, зорлық-зомбылықтың алдын алу, ата-аналарға бала тәрбиесіндегі жауапкершілікті арттыруға бағытталған қолдау көрсету болды. Сонымен қатар, ата-ана мен бала арасындағы дұрыс қарым-қатынас орнатудың әдіс-тәсілдері, мектептерде ыстық тамақпен қамту, вейп мәселесінің алдын алу, сондай-ақ патриоттық тәрбие беру бағыттарының маңыздылығы айтылды.
Күн тәртібінде «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасының жүзеге асырылуы, мектептерде психологиялық қауіпсіз орта қалыптастыру, жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу мәселелері талқыланды.
Жиын барысында ата-аналар тарапынан сұрақтар мен ұсыныстар беріліп, айтылған мәселелер назарға алынды.
Іс-шара соңында кері байланыс орнатылып, ата-аналарға арнап концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.
Ұрпақ тәрбиесі – тек мектеп пен ұстаздың ғана емес, бүкіл қоғамның, ең алдымен ата-ананың басты міндеті екенін тағы бір мәрте айқындаған игі шара болды.