Жетісу облысының жедел жәрдем қызметі тағы 29 жаңа көлікпен күшейтілді

Жетісу облысының жедел жәрдем қызметі тағы 29 жаңа көлікпен күшейтілді

Жетісу облысының жедел жәрдем қызметі тағы 29 жаңа көлікпен күшейтілді. Арнайы автомашиналар кілтін облыс әкімі Бейбіт Исабаев тапсырды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Талдықорғандағы орталық алаңда өткен шарада өңір басшысы ел азаматтарының әл-ауқатын арттыру, сол арқылы халықтың денсаулығын сақтауға жағдай жасау мемлекеттің басты міндетінің бірі екенін атап өтті.

- Соңғы үш жылда облыста медициналық жабдықтармен қамту 93%-ға жетті. Өңірдегі санитарлық автопарк 2022 жылдан бері 167 арнайы автокөлікпен толықты. Соның ішінде бүгін біз 29 көліктің кілтін тапсырғалы отырмыз. Жалпы өткен сегіз айда жедел жәрдем қызметіне 343 мыңға жуық шақырту түскен, яғни орта есеппен алғанда күніне 1100-дей алғашқы көмек көрсетіледі. Сондықтан қажетті санинарлық автоқұралдармен қамтудың маңызы зор. Бүгінгі беріліп отырған жедел жәрдем көліктерінде алғашқы көмекке қажетті барлық жабдықтар бар. Бұл медициналық қызмет көрсетудің жылдамдығы мен  сапасын жақсартуға ықпал етеді деп сенеміз, - деген Б.Исабаев аудан-қалалардағы медицина мекемелеріне жедел жәрдем көлігінің кілтін тапсырды.

Бұл арнайы көліктер жалпы саны 13 медициналық мекемеге, атап айтқанда Қаратал, Сарқан, Панфилов, Көксу, Ақсу, Кербұлақ, Ескелді, Алакөл аудандық және Текелі қалалық ауруханалары мен Талдықорған қалалық емханасына, облыстық перинаталдық орталыққа, облыстық дәрігерлік-дене тәрбиесі диспансері мен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына берілді.

Өз кезегінде арнайы санитарлық көліктің кілтіне ие болғандардың бірі Ақсу аудандық орталық ауруханасының бас дәрігері Байқадам Құрымбай барша медицина мамандарының атынан ризашылығын білдірді.

- Президент тапсырмасына сәйкес ауылдық жерлерде медициналық қызмет сапасын арттыруда, жаңа медициналық құрал-жабдықтармен қамтуды жақсартуда біз мемлекет тарапынан үнемі қолдауды сезініп келеміз. Мысалы Ақсу аудандық ауруханасына 21 медицина маманы жетіспейтін, бүгінгі күні 16 маман жұмысқа қабылданып, олар 10 млн. теңге көлеміндегі бір реттік қаржылай қолдауға ие болды. «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында салынған 4 ғимарат қолданысқа беруге дайын. Сонымен қатар 7 ауылда блокты-модульді медицина нысандары іске қосылды. Аудандық ауруханамыз күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр. Бүгін жедел жәрдем көліктеріне ие болдық. Осындай игі істер үшін ризашылығымызды білдіреміз, - деді ол.

Жалпы өңірде денсаулық сақтау инфрақұрылымын дамытуға, материалдық-техникалық базаны жақсартуға, дәрігерлер тапшылығы мәселесін шешуге ерекше назар аударылып, қажетті жағдайлар жасалуда. Мәселен, облыс құрылғаннан бері, яғни 2022-2025 жылдары 162 медицина нысаны салынып, 10-ы күрделі жөндеуден өткен, соның 75-і биылғы жылдың үлесінде, олардың басым бөлігі ауылдық жерлерде қарастырылған. Қабылданған шаралардың арқасында денсаулық сақтау инфрақұрылымын жаңғырту көрсеткіші жыл соңында 63,8%-ға жетеді. Соның ішінде «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасының үлесі зор.

Жетісу облысы өңірге келген дәрігерлерге 5 және 10 млн. теңге көлемінде көтерме жәрдемақы төлеген республикадағы алғашқы аймақ. Өткен жылдан бері бұл қолдауды 120 дәрігер алды, оның шамамен 50-і – ауылдық жерлерге келген мамандар. Сондай-ақ Сарқан, Ақсу, Алакөл, Қаратал аудандарында және Текелі қаласында дәрігерлер тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде өңірде дәрігерлер тапшылығы 20,3%-ға азайған.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Жеңіс Ысқабай