Қайтарымсыз грант – жаңа мүмкіндіктердің бастауы

Қайтарымсыз грант – жаңа мүмкіндіктердің бастауы

Алмалы ауылының тұрғыны Саян Аққыбеков мемлекеттік қайтарымсыз грант алып, өз кәсібін ашты. 1 572 800 теңгеге қажетті құрылғыларын сатып алып, бірден пластик терезе жасауды қолға алды.

Бүгінде ол 100 шаршы метрлік шағын цехын салып, кәсібін ашып отыр. Қазірдің өзінде бір адамды тұрақты жұмыспен қамтып, Алмалы ауылынан бөлек Сарқан қаласы мен көрші ауылдардан да тапсырыс қабылдауда.

Терезе өлшемін алу, демонтаж жасау, орнату қызметтері көрсетеді. Ауыл тұрғындарының айтуынша әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға қомақты жеңілдіктер де ұсынып келеді.

«Еңбектің оңайы жоқ. Мемлекеттің осындай қолдауына ризамын. Алдағы уақытта да басқа бағдарламаларға қатысып, кәсіпті кеңейтуді көздеп отырмын. Жоспарымда – пескоблок пен брусчатка сияқты құрылыс материалдарын өндіру бар»,- дейді кәсіпкер.

Айта кетейік, 2025 жылдың басынан бері Сарқан ауданында 18 азамат мемлекеттік қайтарымсыз грантқа ие болып, өз кәсіптерін бастауда.

Бұл грант – кәсіп ашамын дегендер үшін үлкен мүмкіндік. Себебі алынған қаражатты қайтару міндеті жоқ, барлығы бизнес-идеяны жүзеге асыруға жұмсалады.