Биыл аудан бойынша 3167 га жерге тәтті түбір себілді. Одан 126 680 тонна өнім алу жоспарлануда (өткен жылы 2850 га алқапқа қант қызылшасы себіліп, одан 97 мың тоннадан астам өнім алынған).
Шаруалар күздің әр күнін қалт жібермей, қызу жұмыс үстінде.
Бүгін, алғашқылардың бірі болып, «Жасқант», «Елубаев» және «Самал» шаруа қожалықтары 11 жүк көлігіне шамамен 275 тоннадай қант қызылшасын тиеп, «Ақсу Қант» зауытына өткізді.
Өткен жылы 70 шаруа қожалығы өз иелігіндегі жер алқаптарына тәтті түбір сепкен болса, бүгінгі күні ауылшаруашылығы дақылының осы түрін өсірген шаруа қожалықтарының саны 86 – ға жеткен.
«Ақсу Қант» зауыты да келіп жатқан өнімді қабылдап, қызу жұмысқы кірісуде. Зауытқа Сарқан ауданынан өзге, іргелес орналасқан Алакөл, Ақсу аудандарының өнімдерін де қабылдау үстінде.
Естеріңізге сала кетсек, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматы облысына жасаған іс сапары кезінде Жетісу өлкесіне қант қызылшасының отаны деген бұрынғы атағын қайтару туралы тапсырма берген болатын. Осы мақсатта өңір басшылығы жан-жақты тиісті жұмыстарды атқарды. Қант қызылшасын өсіретін шаруаларға мемлекеттік субсидиялар бөлініп, арнайы техника, сапалы тұқым, жанар жағармай сатып алуларына жағдай жасалуда.
Тағы бір айта кетерлік мәлімет, Сарқан ауданына қант қызылшасын уақытылы жинап, зауытқа тасымалдау үшін жалпы саны 80 жүк көлігі мен 12 комбайн жұмылдырылған.