1 маусым – Балаларды қорғау күні
Сарқан қаласындағы «Сенім» күндізгі болу оңалту орталығында ерекше мереке өтті! Бұл қуанышты күні орталықтың қызмет алушы ерекше балаларын құттықтап, оларға көтеріңкі көңіл күй сыйлау мақсатында ұйымдастырылған мерекелік шара көңілді әрі әсерлі өтті.
Мерекенің ашылуында орталықтың директоры Қайсар Мамбетбаев балаларға жүрекжарды тілектерін арнап, олардың әрқайсысына бақыт, шаттық, мықты денсаулық тіледі.
Қайсар Мамбетбаев:
“Бұл мерекеде ерекше балаларымыздың жүздерінен күлкі көріп, қуанышын сезіну – барлығымыз үшін ең үлкен бақыт. Бүгінгі күн – мейірім мен қамқорлықтың, достық пен жылулықтың мерекесі. Балалар – біздің болашағымыз, ал біз олардың армандарының орындалуына қолдау көрсетіп, сенім артуымыз қажет.”
Шара барысында балалар өз өнерлерін ортаға салып, әннен шашу шашып, мың бұралған билерімен көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді.
Айта кету керек, мерекеге келген қайырымды жандар да шет қалмай, балаларға сыйлықтарын ұсынып, мультфильм кейіпкерлері болып ерекше қуаныш сыйлады.