Жобаның басты мақсаты — Олимпиадалық спорт түрлерін кеңінен насихаттау, жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, Азия және Әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындарының жеңімпаздары мен жүлдегерлерін үлгі ретінде көрсету.
Жоба аясында жастар еліміздің мақтаныштары — әлемдік аренада ел намысын абыроймен қорғап жүрген спортшылармен жүздесіп, олардың тәжірибесінен тағылым ала алады.
Алғашқы кездесудің қатысушылары ретінде танымал балуандар — Демеу Жадраев пен Жақанша Қорлан шақырылды. Сонымен қатар, жобаның құрметті қонақтары ретінде елімізге белгілі спорт саңлақтары Алмат Кебісбаев пен Кахарман Кисметов қатысты.
Айта кететін жайт, бұл кездесуге әлемдік деңгейдегі балуан Ақжол Махмудов та арнайы шақырылған болатын. Алайда, отбасылық жағдайға байланысты ол бұл жолы қатыса алмады.
Салтанатты шарада ерекше ырым жасалып, екі баланың тұсауын Демеу Жадраев кесті. Бұл — болашақ чемпиондарға бағытталған жолдың символикалық бастамасы іспетті.
Бұл жоба — жастарға сенім мен серпін беретін, шынайы чемпиондардың жолын үлгі ететін маңызды қадам. Жеңіске бастар жол осындай шабытты кездесулерден басталады!