Талдықорған қаласында 2008–2015 жылдары туған жасөспірімдер мен кіші жасөспірімдер арасында жеңіл атлетикадан Жетісу облысының чемпионаты басталды. Бұл жарыс өңірдегі спортты дамытуға және жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған маңызды шаралардың бірі болып табылады.
Чемпионатқа Ақсу, Алакөл, Қаратал, Кербұлақ, Көксу, Панфилов аудандары мен Талдықорған қаласынан 250-ге жуық спортшы қатысуда. Қатысушылар әртүрлі жас ерекшеліктеріне сай жарыс түрлерінде бақ сынап, жеңіс тұғырына көтерілу үшін барын салуда.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай сайыстар талантты жастарды анықтап, оларды болашақта республикалық және халықаралық деңгейдегі додаларға дайындауға үлкен мүмкіндік береді.
Жарыс соңында үздік атанған жасөспірімдер марапатталып, медальдар мен дипломдарға ие болады.
Жарысқа қатысқан барлық спортшылар мен бапкерлерге сәттілік тілейміз. Спорттағы алғашқы қадамдары сәтті басталып, болашақта үлкен жеңістерге жетелей берсін!