Бүгін мереке қарсаңында Жаркент қаласында “Самат” жүзу орталығы ашылды.
Қала тұрғындарына осындай жүзу кешені көптен бері қажет болып келген еді. Бұған дейін ауданымызда кәсіпкерлер бокс, күрес сынды командалық спорт түрінен спорт кешендерін салып, ел игілігіне берген болса бүгінгі лентасы қиылған орталық ерекше спорт түріне жатады.
Жеке кәсіпкер Абай Мәженұлы өз қаражат есебінен заманауи үлгіде 3 бассейні бар нысанды салып, 40 тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етуде. Жүзу орталығы 2 000 шаршы метрді құрайды. 7 жаттықтырушы, 2 құтқарушы және медициналық көмек көрсететін мамандар арнайы дайындықтан өткен.
Кешеннің ашылуына Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министірінің орынбасары Ержан Мәлікұлы қатысып, ауданымызда кәсіпкерлердің спортқа ерекше көңіл бөлініп жатқанын жеткізді. Спорт кешендерінің салынуы ауданымыздан түрлі чемпиондардың шығуына жол бастап жатқанын атап өтті.
Күніне 70 адамды қабылдай алатын бассейнде көп балалы және түрлі санаттағы жанұяларға жеңілдіктер қарастырылған. Бұдан бөлек кешенде алдағы уақытта тірек қимылдары бұзылған, мүмкіндігі шектеулі балаларды бассейнде қозғалыс қимылдарын жаттықтыруға жағдай жасалынбақ.
Жүзу орталығымен танысқан аудан әкімі Марат Сағымбек игілікті істі бастаған жеке кәсіпкерге өз атынан және аудан тұрғындары атынан шынайы алғысын білдірді.