Наурызда Жетісу облысының шекаралық ауданында 4 бірдей дәрігерлік амбулатория ашылды

Наурызда Жетісу облысының шекаралық ауданында 4 бірдей дәрігерлік амбулатория ашылды

Жетісу облысының шекаралық аймағы - Панфилов ауданындағы 4 бірдей ауылда Наурыз мерекесі қарсаңында дәрігерлік амбулатория ашылды. Сөйтіп Алмалы, Қырыққұдық, Тұрпан, Ақжазық ауылдарындағы жалпы саны 9 мыңға жуық тұрғын енді жаңа үлгіде салынған нысандардан медициналық қызмет алатын болады, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.  

Аталған ауылдарда бұған дейін тұрғындарға ескі, бейімделген ғимараттарда медициналық көмек көрсетіліп келген. Өткен жылдың сәуірінен салына бастаған дәрігерлік амбулатория ғимараттары Наурыз мерекесіне орай пайдалануға берілді. Бұл нысандардың әрқайсысы 448 шаршы метрді құрайды. Төртеуі бір үлгіде салынып, қажетті заманауи медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілген. Мұнда күндізгі бөлім, оңалту бөлмесі, зертхана және алғашқы көмек сынды қызметтер көрсетіліп, күнделікті ем-шаралар жүргізуге толық мүмкіндік жасалған. Медициналық мекемелердің әрқайсыcы дәрігермен және орта буын медицина мамандарымен қамтылған.

Ақжазық ауылындағы жаңа нысанның ашылу салтанатына куә болғандардың бірі зейнеткер Бағдагүл Ахметова:

- Мен осы ауылда 1975 жылдан бастап зейнетке шыққанға дейін медбике болып жұмыс істедім. Ол кезде шағын мединалық пункт еді, онда бір акушер мен бір фельдшер қызмет еттік. Кейін фельдшерлік пункт болып ашылып, тағы бір фельдшер штатын қосты. Енді бүгін, міне, жаңадан салынған дәрігерлік амбулатория пайдалануға беріліп отыр. Қызмет көрсететін медицина мамандарының саны да едәуір көбейген. Біз бұрын қағаздарды қолмен толтырып, алынған анализдерді Жаркентке таситынбыз. Қазір жаңа нысанды аралап көрдік, заманауи аппараттар, құрал-жабдықтар бәрі бар екен. Ауылымыздың өсіп-өркендеп келе жатқанына өте разымыз, - деді ол.

Алтынай Күдерова, Панфилов ауданаралық көп салалы ауруханасы директорының орынбасары:

- Жалпы ауданда 2024 жылдан бері «Ауылдағы денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасымен 16 медициналық нысан салына бастаған болатын. Өткен жылдың соңында 4 медпункт пайдалануға берілсе, жыл басынан бері бүгінгіні қоса алғанда 5 дәрігерлік амбулатория іске қосылды. Қазіргі кезде 6 фельдшерлік акушерлік пункт салынып жатыр. Оған қоса Дарбазақұм, Сарпылдақ, Көктал-Арасан ауылдарында медициналық пункт тұрғызылуда. Сарыбел және Үшарал ауылдарында дәрігерлік амбулаторияларға күрделі жөндеу жүргізілуде, - деп атап өтті.

Атап өтсек, биыл денсаулық сақтау саласында облыс бойынша 35 фельдшерлік-акушерлік пункт, 4 дәрігерлік амбулатория, 20 медициналық пункт, сондай-ақ 4 жедел жәрдем станциясы және ҚАЖК-нің 1 медициналық қызметі нысаны салынады деп жоспарланған.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотосуреттерді түсірген: Нұрбол Қанағат.