Құрметті ардагер ұстаздар!
Қадірменді білім саласының қызметкерлері!
Сіздерді қазан айының басында аталып өтетін кәсіби мерекелеріңіз-Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын!
"Алты алаштың басы қосылса, төр ұстаздікі" деген ұлы сөзден-ақ педагогтардың ерекше құрметке ие екенін аңғаруға болады. Осы мерекеге орай аудандық мәдениет үйінде салтанатты шара өтті. Білікті мамандарды марапаттап, ардагер ұстаздарға құрмет көрсеттік. Ауданымызда үш мыңнан астам ұстаздар болашақ жас ұрпаққа білім беріп, тәлім мен тәрбиенің жолында аянбай еңбек етуде. Олардың 75 пайызынан астамы кәсіби біліктілік санатындағы ұстаздар. Жылдағы дәстүр бойынша ұстаздар қауымына педагог мәртебесін алып жаңадан еңбек жолын бастаған мамандарға еңбек кітапшасын тапсырып, ақ жол тіледік. Біздің ауданның ұстаздары облыстық, республикалық түрлі олимпиадада шәкірттерімен қатар жоғарғы жетістікке жетіп, үздіктер қатарынан көрінуде
Аудандағы мектептердің материалдық-техникалық базасын нығайту, мектепке ғылыми озық технологияны енгізу және ұстаздардың біліктілігін арттыру бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде. Биыл білесіздер Головацкий және Алтыүй ауылындағы екі мектеп күрделі жөндеуден өткізілді. 1 200 орынды "Жайлы мектеп" заманауи білім ордасының құрылысы аяқталуға жақын. Талды ауылында 300 орынды мектептің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
Аудан бойынша жаңартуды қажет ететін 15 мектеп, 3 ауылда жаңадан салынуды талап ететін мектептер кезек күтуде. Олардың барлық негізгі жобалық-сметалық құжаттары жасылынып, біртіндеп жоспарға енгізілуде. 6 мектепті газбен жылыту бойынша жұмыстар жүргізілді. Нәтижесінде 24 млн соманың бюджет қаражаті үнемделді. Білім саласына мемлекет ауқымды көңіл бөліп отыр. Соның ішінде Педагог мәртебесі заңы аясында ұстаздардың біліктілігін арттыру, жалақыларын көтеру сынды қолдаулар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда.
Қадірлі ұлағатты ұстаздар!
Барша адамзат алдарыңыздан өтіп, өмірге қадам бастырған, жол сілтеген сіздердің еңбектеріңізді әрқайсысы бағалайтынына сенімім зор. Тәуелсіз қазақ елінің дамуына қосып келе жатқан елеулі еңбектеріңіз үшін баршаңызға шынайы алғысымды білдіремін! Еліміздің атын әлемге танытатын білімді де талантты шәкірттеріңіз көбейе берсін.
Еңбектеріңіз жемісті, отбасыларыңыз аман, қиын да қадірі ерекше ұстаздық жолда зор табыс тілеймін. Мерекелеріңіз құтты болсын!