
МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТШІЛЕР АРАСЫНДА «КІТАП ОҚИТЫН ҰЛТ» ЖОБАСЫ ӨТТІ
Мемлекеттік қызметшілер арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, зияткерлік әлеуетті арттыру және рухани құндылықтарды дәріптеу мақсатында «Кітап оқитын ұлт» жобасы ұйымдастырылды.
Жобаның негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, олардың ой-өрісін кеңейту, шығармашылық және сыни ойлау қабілеттерін дамыту, сондай-ақ кітап оқуды күнделікті өмір салтына айналдыруға ықпал ету.
Іс-шара барысында қатысушылар кітап оқудың тұлғалық және кәсіби дамудағы маңызына тоқталып, өздері оқыған шығармаларымен бөлісті. Сонымен қатар әдеби шығармалардың мазмұны мен тағылымы талқыланып, кітаптың адамның дүниетанымын қалыптастырудағы рөлі туралы пікір алмасты.
«Кітап оқитын ұлт» жобасы – тек кітап оқуды насихаттайтын бастама ғана емес, мемлекеттік қызметшілердің білімін жетілдіруге, рухани дамуына және интеллектуалдық ортаны қалыптастыруға бағытталған маңызды жоба.
Кітап оқу – адамның білім көкжиегін кеңейтіп қана қоймай, елдің болашағына жауапты, жан-жақты дамыған тұлғаны қалыптастырудың маңызды тетігі. Осы ретте мемлекеттік қызметшілер арасында кітап оқу мәдениетін кеңінен насихаттау қоғамның зияткерлік әлеуетін арттыруға өз үлесін қосады.
Жоба аясындағы мұндай бастамалар алдағы уақытта да жалғасын тауып, мемлекеттік қызметшілердің рухани-мәдени дамуына бағытталған жаңа іс-шаралармен толықтырылатын болады.