Бейбіт Исабаев қаза болған құтқарушының туыстарына мемлекеттік награда табыстады

Бейбіт Исабаев қаза болған құтқарушының туыстарына мемлекеттік награда табыстады

Бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев қызметтік міндетін өтеу кезінде қаза тапқан азаматтық қорғау майоры Дамир Тарановқа Мемлекет басшысының Жарлығымен берілген «Ерлігі үшін» медалін марқұмның туыстарына арнайы табыстады, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Өңір басшысы өз сөзінде ел қауіпсіздігін қамтамасыз етуде азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің үлесі үлкен екенін атап өтті:

- Құтқарушылардың жұмысы күрделі, әрі түрлі қатерге толы, олар халықтың қауіпсіздігі үшін күн-түн демей тынымсыз қызмет етеді. Солардың қатарында қызметтік міндетін атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан азаматтық қорғау майоры Дамир Таиржанұлы Тарановтың есімін ерекше құрметпен атаймыз. Оның ерлігін ескеріп, қаза болғаннан кейін Мемлекет басшысы «Ерлігі үшін» медалімен наградтады. Дамир бауырымыз өзінің өнегелі өмірімен бір әулеттің ғана емес, бүкіл халықтың ұлына айналды. Батырдың жарқын бейнесі әріптестерінің, барша жерлестерінің жүрегінде сақталады. Ал оның ерлігі кейінгі ұрпақ үшін нағыз патриоттықтың үлгісі болатыны анық, - деген Б.Исабаев құтқарушының анасы Гүлсара Тарановаға «Ерлігі үшін» медалін тапсырды.

- Бүгін менің жолдасым Дамирге оның ерлігін бағалап, мемлекеттік деңгейде Президенттің атынан медаль берілді, оны алу бізге бұйырыпты. Ол нағынз еңбекқор,  өз ісіне жауапты, патриот адам болды. Өзгенің өмірін құтқару үшін өзінің жанын құрбан етіп, қызметтік міндетіне, Отанға деген адалдығын ерлігімен көрсетіп кетті деп ойлаймын, - деді марқұмның жары Румилям Тохтабакиева.

Атап өтсек, Дамир Таранов 2016 жылдан бастап өртке қарсы қызмет органдарында еңбек етіп, Панфилов ауданының өрт сөндіру бөлімдерінде жауапты қызмет атқарды. Ол осы жылдың наурыз айында Алтынкөл көлінде балықшыны құтқару кезінде қаза тапты.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Дмитрий Ерофеев