
Қазіргі уақытта Жаркент қаласының Жібек жолы даңғылы бойында 1985–1993 жылдары салынған көп қабатты 12 тұрғын үйлердің шатырларымен қасбеттеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары басталды. Қаланың негізгі көріністеріне көне болып көрініп тұрған үйлерге ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргіземіз деп тұрғындармен кездесу барысында айтып едім. Өздеріңіз көргендей 12 көп қабатты тұрғын үйлердің шатырлары толықтай ауыстырылып, сырты толыққанды қапталады. Бұл жұмыстар шамамен екі айдан астам уақыттан соң аяқталады.
Құрылыс жұмыстарының басталуына орай жұмыс жүргізіп жатқан мердігер компаниялардың басшылығымен кездесіп, жүргізіліп жатқан жұмыстардың сапасын көрдім. Шатырларды ауыстыру барысында тиісті талаптарға сай сапалы, берік орнатылуын және жергілікті мекемелерге қатаң бақылау жүргізіп, жұмыс барысын тексеріп отыруды тапсырдым. Бұған дейін біз осындай үйлердің аулаларына асфальт төсеп, ойын алаңдары және абаттандыру жұмыстарын жасағанбыз. Енді міне сыртқы көріністерін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Жалпы Мемлекет басшысының “Taza Qazaqstan” акциясы дегені тек қоқыс шығарып, ағаш егу ғана емес қаланың архитектуралық көріністерін жаңарту, тұрғындарға сапалы әрі қолайлы орта қалыптастыру бағытындағы бастама болатын.
Бұдан бөлек Жібек жолы даңғылының бойын толыққанды абаттандырып, жаяу жүргіншілер жолын жалғастыру, демалыс орындықтарын орнату, даңғыл бойына кіші архитектуралық формалар қою мен қатар жазғы спорт алаң және балалар ойын алаңдарын салу жұмыстары басталды. Алдағы уақытта нәтижесін көретін боласыздар.