Панфилов ауданына Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы келді

Панфилов ауданына Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы келді

Панфилов ауданына Оқу-ағарту министрі Ғани Бектайұлы келді. Ауданымызға жасаған жұмыс сапары аясында министр бірқатар салынып жатқан білім беру ұйымдарының құрылыс нысандарын аралады.

Биыл ғана қолданысқа берілген Жайлы мектепте болып, онда жаңа білім ордасының мүмкіндіктері мен ерекшеліктерін таныстырдық. Талды ауылындағы 300 орынды жаңа мектептің құрылыс барысын көріп, оқу ордасының сапалы білім берудегі мүмкіндігі жоғары екенін атап өтті. Ғани Бектайұлына ауданымыздағы бірқатар елді-мекендерде жөндеуді және жаңадан салынуды қажет ететін мектептер бар екенін жеткіздік. Сарытөбе, Садыр ауылдарына жаңа мектепке және басқада ауылдарда күрделі жөндеуге қажетті тиісті жобалық-сметалық құжаттары дайын екенін атап өттік. Соның ішінде Алмалы ауылындағы Елтінді батыр атындағы орта мектеп сияқты жаңартуды талап ететін білім ордаларының қазіргі жай-күйін жеке-жеке таныстырып өттік.

Оқу-ағарту министрі шалғайдағы шекаралық аудан болса да біздің өңірде жаңа мектептер салынып, бірнеше мектептердің күрделі жөндеуден өткізіліп жатуы ауданның экономикалық әлеуетінің жоғары екенін және біз таныстырған мектептердің жай-күйімен таныс екенін айтты. Іс-сапар барысында министр мемлекет басшысының білім саласына көрсетіп жатқан қолдаулары негізінде өңірлерде мектептерді салу мен күрделі жөндеуден өткізуге қолдау бола беретінін, ауданымыздағы аталған мектептерді жаңартуды ретімен қарастыратынын атап өтті.

Жылына 2-3 мектептен жаңартылып жатқан біздің ауданымыздағы түрлі ауылдарда күрделі жөндеуді қажет ететін мектептер бұйырса қажеттілігіне қарай кезең-кезеңімен жүзеге асатын болады. Өз тарапымыздан тиісті құжаттары дайындалып, қажетті орындарға жолданды.