Жетісуда тыл еңбеккерлеріне, құқық қорғау мен әскери органдар қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

Жетісуда тыл еңбеккерлеріне, құқық қорғау мен әскери органдар қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

Бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев Талдықорғандағы Салтанат сарайында Ұлы Жеңістің 80 жылдығы мен Отан қорғаушылар күніне орай өңірдегі тыл ардагерлерімен, құқық қорғау органдарының, әскери құрылымдардың қызметшілерімен кездесу өткізді. Салтанатты шарада 50-ге жуық азаматқа мерейтойлық медаль мен облыс әкімінің Құрмет грамотасы және Алғыс хаты тапсырылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Қатар келген екі мерекенің мән-маңызына тоқталған өңір басшысы аймақтағы ардагерлерді қолдау шараларына, құқық қорғау органдары мен әскери саланың материалдық-техникалық базасын нығайту бағытындағы істерге қысқаша тоқталып өтті:

- Сұрапыл соғыс жылдары тылда күн-түн демей еңбек етіп, майдан даласын қажеттілікпен қамтамасыз еткен біздің тыл еңбеккерлерінің Ұлы Жеңіске қосқан үлесі ұшан-теңіз. Жалпы бүгінде облыста 1598 тыл еңбеккері бар. Сіздерге әрдайым қамқорлық пен қолдау көрсету – біздің парызымыз. Ол міндетті орындау мемлекеттің ел тарихына тағзымы, ардагерлерге деген айрықша құрмет деп білеміз. Бүгінде Қазақстан жаңа кезеңге қадам басты. «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы ел ішіндегі заң мен тәртіпті нығайту, әлеуметтік әділеттілікті орнату бағытында нақты қадамдарға жол ашты. Яғни құқық қорғау органдарының қызметіне артылар жауапкершілік жүгі зор. Бүгінгі кездесуде сол жауапты міндетті абыроймен атқарып жүрген барша азаматтарға ризашылығымызды білдіреміз, - деді Бейбіт Исабаев өз құттықтау сөзінде.

Мұнан соң тыл еңбеккерлері атынан Рысбек Қуатов пікірін білдірді:

- Біздің әкелеріміз соғыста ержүрек қайсарлығының, ел бірлігінің арқасында Жеңіске жетті. Солардың арқасында біз бейбіт те бақытты өмір сүрдік. Қазір менің жасым 90-ға келді. Біздің буын жас ұрпақты елжанды, адал, берекелі-бірлікті азамат етіп тәрбиелеуге тырыстық. Қазі білім-ғылымның, технрологияның заманы, сондықтан жастарға өзінің рухани өсуіне көп мән беруі керек. Сонда жақсылықтар үзіліссіз жалғасады, Жеңістің жемісі деген сол. Ұрпақтарымыз өсіп-өніп, еліміз гүлдене берсін! - деді қария.   

Сол сияқты тыл еңбеккері Зәуреш Бейісбекова, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ермек Келемейіт те жиналған қауымға ізгі тілектерін жеткізді.

Жиын барысында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Жетісу облысының мемлекеттік архиві құрастырып, облыс әкімдігінің қолдауымен жарық көрген «Ұрпаққа ұран болған Ұлы Жеңіс» атты кітаптың тұсауы кесілді.

Мұнан соң марапаттау рәсімі атқарылды. Атап айтқанда, тыл еңбеккерлеріне және соғыс ардагерлерінің жесірлеріне «Ұлы Жеңістің 80 жылдығы» мерейтойлық медалі берілсе, құқық қорғау органдары мен қорғаныс саласы қызметкерлеріне облыс әкімінің Құрмет грамотасы мен Алғыс хаты табысталды.

Еске салсақ, жылдағы дәстүр бойынша биыл да ардагерлерге материалдық көмек беріліп, бұл мақсатқа 393,8 млн.теңге бөлінді. Сол сияқты медициналық көмек те жүйелі түрде көрсетіліп, санаторлық-курорттық жолдамалар беріледі. Мысалы, сәуірден бастап 9 мамырға дейін өңірде денсаулық айлығы өтіп жатыр. Сол сияқты Талдықорған қаласында және Сарқан ауданында белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары жұмыс істейді.

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі   

Фотосуреттерді түсірген: Жеңіс Ысқабай