Жетісу өңірінен Ұлы Отан соғысындағы майдан даласына 120 мыңнан астам адам аттанып, оның 47 мыңы ұрыс далаларында мәңгілікке көз жұмды. Жетісулық 38 жауынгер Кеңес Одағының Батыры атанса, 5-еуі Даңқ орденінің толық иегері, 58-і ІІ, ІІІ дәрежелі Даңқ орденінің иегері атанды. Осы және басқа да құнды деректер Жетісуда облыс әкімдігінің қолдауымен Жеңістің 80 жылдығына орай жарық көрген «Ұрпаққа ұран болған Ұлы Жеңіс» атты кітапта кеңінен жазылып көрсетілген. Бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаевтың тыл еңбеккерлерімен, құқық қорғау және әскери органдар қызметкерлерімен кездесу жиынында осы жинақтың тұсауы кесілді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Талдықорғандағы Салтанат сарайында өткен кездесу барысында «Ұрпаққа ұран болған Ұлы Жеңіс» атты жаңа жинақ таныстырылды.
Атап өтсек, облыстық мемлекеттік архив құрастырған жинақ 5 бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімде Жетісудан шыққан Кеңес Одағының Батырлары мен «Даңқ» ордені иегерлерінің өмірі мен ерлігі туралы мәліметтер берілген. Екінші бөлімде облыстың аудан-қалаларынан жинақталған 939 ардагердің тізімі мен суреттері басылса, үшінші бөлім тылдағы өнеркәсіп, мекемелер мен ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің жеңіске жету жолындағы ерен еңбегі мен ауыр өмірі жайлы сыр шертеді. Төртінші бөлімге архивте мемлекеттік сақтауда тұрған жеке тектік қор құжаттарынан қолжазбалар, сақталған жауынгерлік хаттар, естелік жазбалар т.б. құжаттар енгізілді. Сонымен қатар Орталық мемлекеттік архивте, Орталық мемлекеттік ғылыми техникалық құжаттама архивінде сақталған Жетісу өңірінен аттанған жауынгерлер туралы құнды құжаттар да жинақтан тыс қалған жоқ. Бесінші бөлім архивтік фотоқұжаттар топтамасынан тұрады.
- Архив – қашанда құнды құжаттар қазынасы. Ол жай сақталып қана қоймай, ұрпақтың өз тарихы мен тұлғаларын тануына қызмет етуі тиіс. Сондықтан Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Отан соғысы кезеңінің шежіресін шертетін, жеңісті жақындатқан жаужүрек батырлар жайлы жинақ дайындауды жөн көрдік. Архив материалдары 6 ай бойы жинақталды. Бұл жұмысқа облыстық архив қызметкерлері түгелге дерлік тартылды. Жинақты архив құжаттарына, жауынгерлердің хаттарына, соғысты өз көзімен көрген майдангерлердің естеліктеріне сүйене отырып құрастырдық. Бұл еңбекті болашақ ұрпақтар да оқып, пайдаланады деп ойламын, - дейді Жетісу облысының мемлекеттік архивінің директоры Гүлжихан Истамбекова.
Атап өтсек, кітап 1 мың данамен жарық көрді, алдағы уақытта өңірдің барлық кітапханалары мен архивтеріне таратылады деп жоспарланып отыр.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттерді түсірген: Жеңіс Ысқабай