Бейбіт Исабаев Балқаш көліне апаратын жолдың құрылысымен танысып, Ақсу ауданындағы құрылыс нысандарын аралады

Бейбіт Исабаев Балқаш көліне апаратын жолдың құрылысымен танысып, Ақсу ауданындағы құрылыс нысандарын аралады

Бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев Ақсу ауданында бірнеше құрылыс нысандарын аралап, Балқаш көліне дейінгі автожолдың қайта жаңғырту жұмыстарының барысын көріп қайтты, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Алдымен Алматы – Өскемен – Лепсі – Ақтоғай автотрассасының бойындағы құрылыс жұмыстарының қалай атқарылып жатқанына назар аударған облыс басшысы жол салушы мердігер ұйым өкілдерімен тілдесті.

Атап өтсек, аталған жолдың 0-35 км толық аяқталып, пайдалануға берілген, 35-90 км учаскеде екі қабат асфальт төселіп біткен, қазір 90-104 км учаскеде асфальт төсеуге дайындық және бір қабат асфальттау жұмыстары 70-тей техниканы тарта отырып, қызу жүріп жатыр. Мердігер ұйым басшылығының  айтуынша, осы жылдың 15 маусымына дейін жол екі қабат асфальт жабынымен көлік қозғалысы үшін ашылады. Ал үшінші беткі қабатының асфальты мен абаттандырылуы жыл соңына дейін аяқталады. Бұл ретте облыс әкімі жазғы туристік маусым басталғанға дейін белгіленген жұмыстарды бітіруді тапсырды.

 Мұнан соң Бейбіт Исабаев Ақсу ауданындағы бірнеше құрылыс алаңдарына барды. Мәселен, Көлтабан ауылында жаңадан салынып жатқан мектеп құрылысы осы жылдың қаңтар айында басталған. Мектеп 120 орынға арналған, онда 25 орынды шағын орталық қарастырылған. Құрылыс жұмыстары осы жылдың қазан айында аяқталуы тиіс. Ал қазіргі қолданыстағы мектеп 1978 жылы салынған бейімделген ғимаратта орналасқан. Белгілі болғандай, құрылыс алаңында 50 шақты адам жұмыс істеп жатыр. Құрылыс жұмыстарын белгіленген мерзімде аяқтауға толық мүмкіндігі бар.

Ал Жансүгіров ауылындағы Қ.Сәтпаев атындағы 1200 орындық орта мектеп ғимаратына күрделі жөндеу және сейсмикалық күшейту жұмыстарын жүргізіп жатқан құрылыс компаниясы жұмыс кестесінен 3 ай алда келеді. Құрылыс жұмыстарын қаңтарда бастап, қазір 90-нан астам адам ғимараттың ішкі әрлеуіне қызу кіріскен. Соның ішінде 30 жергілікті тұрғынды жұмыспен қамту органдары арқылы жұмысқа тартып отыр. Шағын футбол алаңын және мектептен Молықбай Байсақұлы атындағы мәдениет үйіне дейінгі тротуарды мердігер ұйым өз қаражатына жасап бермекші. Облыс әкімі ғимараттың күрделі жөндеуінің сапалы жүргізіліп жатқанын атап өтіп, нысанның инженерлік-коммуникациялық желілерін тарту мен абаттандыру ісін де осындай сапада атқаруды тапсырды.

Сол сияқты аудандық орталық аурухана ғимаратына қалпына келтіру жұмыстары мен сейсмикалық күшейту жүргізілуде. Бұл медицина нысаны 1972 жылы салынған. Содан бері ағымдағы жөндеу жүргізумен ғана шектеліп келген. Мердігер ұйым өкілдерімен тілдесу барысында Бейбіт Исабаев өткен жылдан бері созылып келе жатқан бұл құрылыс жұмыстарына қарқын беру керектігін айтып, құрылыс алаңындағы 37 адамның белгіленген жұмыс көлемі үшін жеткіліксіз екенін ескертті. «Халық аурухана құрылысының аяқталғанын күтіп отыр, бұл – әлеуметтік маңызы бар нысан. Сондықтан сіздерден уақытылы, әрі сапалы атқарылған жұмысты талап етеміз», - деген облыс әкімі жұмыскерлер санын арттырып, іске қарқынды кірісуді қатаң тапсырды.   

 Облыс басшысы атбасын тіреген келесі объектілер – тұрғын үй нысандары. Алдымен ауылда салынып жатқан 60 пәтерлік үйдің құрылысымен танысты. Осыдан бір жыл бұрын басталған құрылыс жұмыстары биылғы тамыз айының соңына дейін аяқталуы тиіс. Қазіргі дайындық деңгейі – 60 %. Сол сияқты осы үйдің инженерлік-коммуникациялық желілерін жүргізу жұмыстары осы сәуір айынан басталған. «Сапалы үйлер тек қалаларда ғана емес, ауылдық жерлерде де салынуы керек. Халыққа тұрғын үй қажет, баспана беру - тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырудың маңызды шарасы. Бұл - Президенттің алдымызға қойып отырған басты міндеттерінің бірі», - деген Б. Исабаев аудан әкімі мен құрылыс басқармасына қадағалау жұмыстарын күшейтуді міндеттеді.

Мұнан соң салынып біткен, тұрғын үй кезегінде тұрған халықтың әлеуметтік осал топтарына берілетін 24 пәтерлі көп қабатты үйдің ішін аралап көрді. Құрылыс сапалы жүргізілгені айқын көрініп тұр. Дегенмен облыс әкімі мердігер ұйымға мүмкіндігі шектеулі жандар үшін кіреберіске көтергіш орнатуды тапсырды. Сол сияқты бірді-екілі шағын ескертулер айтылды. Аталған тұрғын үй жуырда пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр.

- Жалпы ауданда құрылысы жүріп жатқан нысандардың жұмысы бекітілген кестеге сәйкес уақытылы жүргізілуін жауапты мемлекеттік органдар қатаң қадағалап отыруы тиіс. Кестеден кешігу орын алған бетте, бірден шара қолдану керек. Мердігер ұйымдарға жұмыс мерзіміне қатысты да, сапаға қатысты да қатаң талап қойылады. Биыл күзде Ақсу ауданына табиғи газ жеткізіледі. Соған алдымен жаңадан салынған әлеуметтік нысандарды, тұрғын үйлерді қосу ісін аудан әкімдігі пысықтауы керек. Кейінірек Ақсу зауытын да газға қосу қарастырылады. Бұл жұмысқа жүйелі жоспар жасап кірісіңіздер, - деді Б.Исабаев.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Фотограф: Жеңіс Ысқабай