Бейбіт Исабаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады

Бейбіт Исабаев азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады

Бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев кезекті рет азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Бірнеше сұрақ бойынша жүгінген ескелділік азамат алдымен Ақтұма ауылына ауыз су тарту жұмыстарына қатысты шағымын жеткізді. Осыған байланысты аудан әкімдігінің айтуынша, аталған жобаға жауапты мердігер компания істі 95% аяқтап, суалу ғимаратының маңайын абаттандыру жұмыстарын мерзімінде аяқтамаған. Мердігер ұйым соттың шешімімен жосықсыз деп танылып, қазір жобалық-сметалық құжаттамаға түзетулер енгізілуде. Тұрғын көтерген тағы бір мәселе – Ақын Сара ауылындағы Абай көшесінің асфальттау жұмыстарының аяқталмауы. Белгілі болғандай, сот мердігер компанияны өз жауапкершілігіндегі жұмысын аяқтауға міндеттегенімен, компания істі аяқсыз қалдырған. Соған байланысты аудан әкімдігі аталмыш жоба бойынша тиісті құқықтық қадағалаушы органдарға бюджет қаржысының мақсатты пайдаланылуын тексеру туралы хат жолдаған. Қазір өтініш қаралу үстінде. Осы орайда облыс әкімі Ескелді ауданының әкімі Елдос Ахметовке Ақтұма ауылының ауыз су жүйесін қайта жаңғырту жобасының сапалы атқарылуын бақылауға алып, Ақын Сара ауылындағы жолдың жөндеу жұмыстарын аяқтауға қажетті тиісті шараларды қабылдауды, ал құқықтық қадағалаушы органдарға істің ақ-қарасын анықтауды тапсырды.

Панфилов ауданынан келген тұрғын денсаулығына байланысты мүгедектік алу мәселесін көтерді. Бұл істі заңға сәйкес қарастыру облыстық денсаулық сақтау басқармасына тапсырылды. Бұл азаматтың тұрғын үйге кезегі қазіргі кезде - 474-ші. Оның баспана алу мәселесіне қатысты сауалына мемлекеттік қордан үй заң аясында кезек ретімен берілетіні егжей-тегжейлі түсіндірілді.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі. 

Фотосуреттерді түсірген: Жеңіс Ысқабай