Бүгін облыс әкімі Бейбіт Исабаев Талдықорғанда волейбол орталығына барып, Азия Чемпиондар лигасында алтын медальді жеңіп алған «Жетісу» әйелдер волейбол командасын жеңісімен құттықтады, - деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
- Міне, бірлескен еңбектің, кәсібиліктеріңіз бен командалық берік рухтарыңыздың арқасында алдымен Қазақстан чемпионы атанып, ел чемпионаты мен Кубогын тоғызыншы рет, ал Суперкубокты төртінші рет жеңіп алдыңыздар. Оған қоса жуырда клуб тарихында тұңғыш рет Азия Чемпиондар лигасының алтын медаліне ие болдыңыздар. Бұл - үлкен жетістік, табанды жаттығудың айқын нәтижесі. Баршаңызды, клуб басшылығы мен жаттықтырушыларын осы жарқын да сенімді жеңісіпен құттықтаймын! – деп Б.Исабаев клубтың барлық жаттықтырушылар құрамына алғысын білдірді.
ҚР Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті төрағасының орынбасары Нұрлан Есембаев та құттықтау сөз сөйлеп, «Жетісу» әйелдер волейбол командасының ел спортын дамытуға қосқан үлесін атап өтті:
- Жетісу облысында волейболды дамытуға, республикалық және халықаралық жарыстарға сапалы дайындық жүргізуге жағдай жасалған. «Жетісу» командасының спортшылары өздерінің жетістіктерімен жас ұрпаққа лайықты үлгі көрсетуде. Сіздерге қарап, мыңдаған жас волейболшылар жеңіске жетуге құлшынады, - деп атап өтті Н. Есембаев.
Мерекелік кездесу марапаттау рәсімімен жалғасты. Атап айтқанда, «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен команда ойыншылары Мадина Бекет, Татьяна Никитина, Валерия Якутина, Кристина Аниконова, Наталья Борисенко марапатталды. «Спорт шебері» атағына Перизат Нұрбергенова, Мария Сырыгина, Зарина Мүбаракзянова ие болды.
Марапатталғандардың бірі Перизат Нұрбергенова ой бөлісті:
- «Жетісу» командасының құрамында алғашқы жетістіктеріме жеттім. Командаластарыммен бірге Кубок, Қазақстан Суперкубогының иегері, ел чемпионы, енді Азия Чемпиондар лигасының жеңімпазы атандық. Лигаға кіргеннен кейін алғашқы ойындарда жаңа залға үйреніп, бірден ойнап кету оңай емес. Дегенмен командаластардың өзара қолдауы мен жанкүйерлердің қолдауын сезініп, жаттықтырушымыздың бағыт беруімен жеңіске сенімді түрде жеттік. Мен волейболмен бала кезімнен бері айналысамын, 4-5 сыныптардан бастап ойнай бастадым. Балалық қызығушылығым кәсіби жолға ұласқанына ризамын. Волейбол мен жалпы отандық спорттың дамуына үлес қосып жүргенімді мақтан тұтамын, - деді ол.
Еске салсақ, Азия Чемпиондар лигасының қорытындысы бойынша «Жетісу» командасының капитаны Карина Денисова Азия Чемпиондар лигасының ең құнды ойыншысы (MVP) және үздік шабуылшысы атанды. Сондай-ақ, Валерия Якутина ең үздік орталық блок қоюшы, ал Дарья Шаргородская ең үздік байланыстырушы деп танылды. Сонымен қатар аталған екі волейболшы қыз да турнирдің символдық құрамасына кірді.
Жалпы «Жетісу» әйелдер волейбол командасы күзде Тайландта өтетін клубтық Әлем чемпионатында еліміздің намысын қорғайтын болады.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотограф: Жеңіс Ысқабай