Қазіргі уақытта Жетісу облысында газдандыруға жататын 192 елді мекеннің 63-і газдандырылды, соның 30-ы жыл басынан бері газға қол жеткізді. Сөйтіп газдандыру деңгейі 56,5%-ға жетіп, 394,9 мың тұрғын газға қосылуға мүмкіндік алды. Бұл жайында ОКҚ алаңында өткен брифинг кезінде Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев мәлімдеді, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Өңір басшысының айтуынша, келесі жылы 21 нысанның құрылысы жалғасып, тағы 42 нысанның құрылысы басталады. Мәселен, 2025 жылдың соңына қарай Кербұлақ ауданынан Талдықорғанға дейінгі 126 елді мекеннің барлығы газдандырылады. Соның нәтижесінде газға бес жүз мыңнан астам тұрғын немесе жалпы халықтың 71,4% қол жеткізеді.
Белгілі болғандай, 19 тамызда «Талдықорған-Үшарал» магистралды газ құбырының құрылысы басталған. Жоба келесі жылы аяқталады деп күтілуде. Сонымен қатар Ақсу, Сарқан, Алакөл аудандарының 66 елді мекеніне газ желілерін тарту жобасы әзірленуде.
- 2029 жылға қарай барлық 192 елді мекенді газдандыру және 642 мыңнан астам тұрғынның немесе халықтың жалпы санының 91,9%-ының газға қол жеткізуін қамтамасыз ету жоспарланып отыр, - деді Бейбіт Исабаев.
Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Фотосуреттерді түсірген: Жеңіс Ысқабай, Дмитрий Ерофеев