Елжандылық пен ерлікке, қайсарлық пен қаһармандыққа бас иеміз!

Елжандылық пен ерлікке, қайсарлық пен қаһармандыққа бас иеміз!

Жетісу облысының әкімі

Бейбіт Өксікбайұлы Исабаевтың

9 Мамыр – Жеңіс күнімен және

7 Мамыр - Отан қорғаушылар

күнімен құттықтауы

 

Құрметті соғыс және тыл ардагерлері!

Қадірлі Отан қорғаушылар!

Жеңіс күніне және Отан қорғаушылар күніне орай шынайы құттықтауымды қабыл алыңыздар!

Мамырда қатарласа келетін осы екі атаулы күннің елжандылық пен ерлікке, қайсарлық пен қаһармандыққа толы мән-мазмұны да өзара ортақ. Бұлар – еліміздегі жауынгерлік дәстүрдің жалғастығын, қорғаныс қабілетінің лайықты үлгісін көрсететін айшықты мерекелер.

Биыл 1945 жылдағы Жеңіс көктемінен бері 79 жыл өтті. «Тау алыстаған сайын биіктейді» дегендей, уақыт озған сайын әкелеріміз бен аталарымыздың бізге бейбіт өмір, ашық аспан сыйлаған ерен ерліктерінің мәні еселене түсуде. Бабалардың батырлық жолын есте тұта отырып, бірліктің күшін, татулықтың құдіретін, ынтымақты болудың қадірін жас ұрпаққа ұғындыру – біздің ортақ парызымыз. Осы орайда бүгінгі әскери қызметшілер Отан қорғау ісін лайықты атқара жүріп, мемлекет шекарасының бекемдігін, тұрақтылық пен тыныштықты қамтамасыз етіп отырғаны – маңызды міндет.

Сұрапыл соғыс жылдарында ұрпақ болашағы үшін жанын пида еткен жауынгерлер мен тылда бел шешпей еңбек еткен ардагерлердің алдында бас иіп, қазіргі шақта ел тәуелсіздігі мен ұлттық мүддені қорғау жолында әскери салада қызмет етіп жүрген сарбаздар мен офицерлерге шынайы ризашылығымызды білдіреміз. Олардың ғибратты әскери қызметі баршамызды біріктіретін, жас өркенге жол көрсететін берік рухани үлгі бола алады.

 Соғыс ардагерлері мен тыл еңбеккерлеріне мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, Отан қорғаушыларға жемісті қызмет, қажымас қайрат, жалынды жігер тілеймін.

Ортақ Отанымыз – Қазақстан көркейіп, елдің береке-бірлігі арта берсін!