Жеңіс күні қарсаңында архив қызметкерлері көрме ұйымдастырды

Жеңіс күні қарсаңында архив қызметкерлері көрме ұйымдастырды

Бүгін Жеңіс Күні қарсаңында облыстық мемлекеттік мұрағатта соғыс ардагерлерінің құрметіне орай «дөңгелек үстел» мен көрме ұйымдастырылды, - деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.

«Zhansugurov college» студенттері мен оқытушылары, архив қызметкерлері мен БАҚ өкілдері қатысқан іс-шара қазақстандық патриотизмді қалыптастырудағы архив құжаттарының тәрбиелік маңызына арналды. Тақырыпқа орай бөлім басшысы Кенже Қанапиянова баяндама жасап, ардагерлер мен олардың туыстарының бүкіл республика бойынша құжаттарды қалай тапсырғаны және әлі де тапсырып жатқаны туралы айтып берді. «Бұл өте маңызды іс, өйткені мұрағаттарда мұқият сақталған құжаттар мен естеліктердің арқасында біз тарихымызды тереңірек танып, арамызда жоқ адамдардың ерліктері жайлы біле аламыз», - деді К. Қанапиянова.

Мұнан соң дөңгелек үстелге қатысушыларға әскери киношежіре кадрларынан құралған ролик көрсетілді. Көрмеге мұрағат қызметкерлері шығарған құжаттар, сондай-ақ кітаптар қойылды, онда соғысқа қатысушылар, Жетісу өлкесінен аттанған майдангерлер туралы құнды мәліметтер жинақталған. Патриоттық-танымдық іс-шарадан соң «Zhansugurov college» колледжінің үшінші курс студенттері Мейрамбек Оспанбай мен Мадина Бейсембаева ой-пікір бөлісті:

- Архив қызметкерлеріне кездесу ұйымдастырғаны үшін шын жүректен алғыс білдіреміз,. Бүгін біз кешегі тарихымызды тануға бір қадам жақындай түстік. Тарихты жазба куәліктер мен құжаттарда сақтау оңай емес. Сондықтан архив мамандарының еңбегі ерен. Бүгін көзі тірі соғыс ардагерлеріне, арамызда жоқ аталарымызға ашық аспанымыз үшін, еліміз үшін, бүгініміз бен болашағымыз үшін алғыс айтамыз. Бүгін естігенімізді достарымыз бен таныстарымызға да жеткізіп, айта жүреміз. Ата - бабаларымыздың ерліктері жайлы естелік әрқайсымыздың жүрегімізде мәңгі сақталады деп  сенеміз, - деді олар.

 

Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметі.


Фотограф: Руслан Кадыров